Астана маңындағы саяжай тұрғындары жарықтың құбылмалы құнына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана маңындағы саяжай тұрғындары жарықтың құбылмалы құнына наразы

04.04.2018

Астана маңындағы саяжай тұрғындары жарықтың құбылмалы құнына өкпелі. Дәлірек айтқанда, «Полет», «Черемушка» саяжайлары кооперативтері «электр энергиясына білген бағасын қойып отыр», - дейді. Оның сыртында айыппұлдары тағы бар. Бірақ, тұрғындардың уәжімен жауапты адамдар келіспей отыр.

Саяжайда 400-дей жер учаскесі, 200-ге жуық тұрғын үй бар. Бірақ, әрқайсысы тұтынған киловатына әрқалай төлейді. Ал, егер мерзімінде өтей алмаса, еселеп береді. «Не үшін? Оны түсіндіріп жатқан жан жоқ», - деп күйінеді тұрғындар.

Гүлсанам Ергешова, «Полет» саяжайының тұрғыны:

- Жарықтың бағасы әр кезде әртүрлі. Әр үйден әртүрлі алынады. 20 тг, 22 тг, қаласа 30 теңгеден. Сосын 10 күніне дейін төлейсің. Ал, 11-іне кетсе, 2500 тг пения төлейсің. Сағат үште келіп, жарықты өшіріп кетті. Қостыру үшін 25 мың теңге сұрайды. Төлемесе қоспайды.

Халық ұлардай шулап, жарықты жырлап жүр. «Алайда, бұл орынсыз айқай», - деп есептейді кооператив төрағасы. Себебі, саяжайдың аты саяжай. Мұнда бәрі шектеулі. Электр энергиясын да аста-төк пайдалана алмайсың. «Ал, тұтынған екенсің, төлемін де сәйкесінше жүргізуге тиіссің», -дейді.

Бақытгүл Нысанбаева, «Полет» саяжайы кооперативінің төрағасы:

- Тұрғындар 300 кВт 20 теңгеден төлейді. 300-ден артық жақса, 22 теңгеден төлейді. Үлкен дүкендер кВт-на 30 тг-ден төлейді. Біз жергілікті тұрғын үй емес, саяжай тұрғынымыз. Бізге шектеулі қуат беріледі. Кооперативтің протоколы бар.

Кооператив пен тұрғындар арасындағы дау бірнеше жыл бұрын басталды. «Полеттіктер» бастапқыда жарық үшін «Астана Энергосбыт» серіктестігіне өздері төлеп жүрсе, кейін ескертусіз басқа тоқ таратушы компанияға ауыстырып жіберген. «Сөйтіп, кооператив төрағасы ай сайынғы төлемді өзі жинап, өзі өткізетін болды», - дейді.

Гүлзада Маханбетова, «Полет» саяжайының тұрғыны:

- Бізге айтпай, жарық линияларының бәрін өзінің атына ауыстырып алған. Прокуратураға барған кезде прокурордан елдің фамилияларын көрейінші дедім, сосын ол кісі көрсетті. 33 адамның қолы бар екен. Біздің тұрғындардың фамилиясы жоқ.

Бет бақтырмай, тұрғындарға айбат шегіп тұрған көршілес «Черемушка» саяжайының жарыққа жауапты маманы. Бұларда да басты дау – жарық құны. Мұндағы жұрт тоқты «Астана Энергосбыт» серіктестігінен тұтынады. Олардың құжаттарында әр кВт-на 8 тг 58 тиын деп көрсетілген. Бірақ, тұрғындар 22 теңгеден төлейді. 

Дәулет Оршабеков, «Черемушка» саяжайының тұрғыны:

- 12 тг. қайда? Біз линияға осыдан 5 жыл бұрын 2,5-3 млн. тг ақша жинағанбыз. Жаңа КТП салдық, жаңа линия салдық. Қалған ақшаны түсіндіріп беруін сұраймыз.

Ирина Крама, «Черемушка» саяжайының жарыққа жауапты маманы:

- Сымдарды жаңалаймыз, көшелерде жөндеу жүргіземіз, оқшаулағыштар сатып аламыз. Қыс маусымында 50 трансформатор өртеніп кетті. Соның бәрін алдық. Бұған қоса, екі адамның жалақысы бар.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мұны теріске шығарды.

Мейіржан Қолдасбек, қалалық Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:

- Ол тарифтің, бағаның ішіне ЖШС-нің барлық шығындары кіріп отыр. Яғни, тұтынушылар ол бағадан артық төлеуге құқықтары жоқ.

Жарықтың айналасындағы жанжал жуық арада бітпейтіні сияқты. «Мәселенің ақ-қарасын айырып, нүктесін қою құзырлы органның жіті тексеруіне тіреледі», - дейді тұрғындар. Себебі, өздері бір шикіліктің барына сенімді.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу