Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді

04.04.2018

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары күшейтілді. Су көптеп келетін Қиғаш және Шора өзенінің жағасы бекітіліп, бөгеттер тұрғызылуда. Қауіпті аймақта жұмыс істеуге бас-аяғы 72 техника дайын тұр. 155 тонна топырақ әзірленіп, 52 000 мың дана қап алынған.

Осыдан екі жыл бұрын ағып жатқан Шора өзені арнасынан асып, жағасында орналасқан Дыңқызыл елді мекені суға кете жаздаған. Сол кезде тозығы жеткен ескі бөгеттерді су шайып кетті. Ал, қазіргі уақытта ауданда осындай жайсыз жайттар орын алмас үшін алдын алу шаралары жүргізілуде.

Аудан бойынша қауіпті аймақтан ұзын саны 20979 адам көшірілуі мүмкін. Тұрғындарды жайғастыруға арналған 25 көшіру бекеті дайын. Жергілікті халық болса, биыл су көп болады деп топшылауда.

Болат Ералин, Құрманғазы ауданының тұрғыны:

- Қай бір жерлерде дамба жоқ. Сондықтан, осы күннен қамдану керек деп ойлаймын. Биыл су көп келуі мүмкін. Неге десеңіз, қар көп болды.

Көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған бөгеттер ең алғаш 1979 жылы салынған. Яғни, әбден тозған. Ал, жалпы аудан бойынша бөгеттердің ұзындығы 217 шақырым. Биыл солардың аса қауіпті деген бөліктеріне, нақтырақ айтқанда, 44 шақырымына жөндеу жүргізіледі.

Жандос Бектеміров, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:

- Былтырғы жылы 8 млрд. 300 млн. су келген болса, биыл да сондай көлемде келеді деп күтіп отырмыз. Қазір 50 млн. теңге қаржы бөлініп, облыстық Құрылыс басқармасы арқылы дамбаларды қалпына келтіріп, суды қайтаруға толық мүмкіндік бар деп есептейміз.

Табиғи апаттың алдын алу үшін арнайы штаб та құрылды. Енді мамандар үздіксіз бөгендердің беріктігін, судың мөлшерін, бағыты мен қарқынын бақылап отыр.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу