Зырянда тасқынға дайындық күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зырянда тасқынға дайындық күшейтілді

04.04.2018

Шығыс Қазақстанның Зырян ауданында тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, аймақта апта соңына қарай күн күрт жылынып, жаңбыр жаууы ықтимал. Сондықтан, аудандағы гидрологиялық нысан мен 20-дан астам бөгетті бекітіп, биіктету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, тұрғындарды өзге жерлерге қоныстандыру мәселесі де қолға алынды. Бүгін облыс әкімі хабарлағандай ең қауіпті аймақ қазір Зырян ауданы болып тұр. Алғаш тасқында 400-ден астам үйді су алса, кешеден бері 200-ге жуық баспанаға су кірген. Ауданның байырғы тұрғындарының сөзіне сүйенсек, мұндай су тасқыны соңғы 60 жылда болмаған. Бұқтырма өзенінің көп жерлерінде кептелген мұзды жару жұмыстары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Зырянда 800-ден астам адам эвакуациялық орындарға жайғастырылды. Алайда, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаюы мүмкін.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Аптаның соңына қарай күн қатты жылынады. Қазір мен аудан әкіміне 1000 эвакуациялық орын әзірлеу жөнінде тапсырма бердім. Міндетті түрде төтенше жағдай болады деген мақсатта емес, жалпы жағдайдың алдына алу үшін осындай жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Хабарламаларға жазылу