Мәскеуде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды

04.04.2018

Мәскеу қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы көпшілікке таныстырылды. Оған Ресейдің белгілі саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері қатысып, Мемлекет басшысының еңбегіне қатысты пікірлерін айтты. «Россия сегодня» ақпараттық агенттігінде өткен шараны Тұңғыш Президент қоры, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

«Тәуелсіздік дәуірі» - елімізде былтыр желтоқсан айында жарық көрген кітап. Тарихи публицистика жанрында жазылған еңбекте Президент еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңі жайлы ойларымен бөліседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жазбасымен Ресейде алғаш болып белгілі саясаткерлер мен ғалымдар танысты.

Руслан Аушев, Кеңес одағының батыры, Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті:

- Меніңше, бұл кітап көптеген басшылардың жұмыс үстелінде тұруы тиіс. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде алыс-жақын шетелдердегі ең тәжірибелі, ең талантты президенттердің бірі. Ол 1990 жылдары елді қиын тығырықтан алып шығып, дамудың даңғыл жолына түсірді. Қазақстан басшысының қайраткерлігі өзгелерге үлгі. Мәселен, мен Ингушетияның президенті болып тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, елдің астанасын Назрань қаласынан Магасқа ауыстырдым.

Ирина Ильина, «Жоғарғы экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті Аймақтық зерттеулер институтының директоры:
- Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы кітапта айтқан ойларын міндетті түрде мемлекеттік басқару мамандығында оқитын ресейлік студенттерге жеткізуіміз керек. Себебі, Қазақстан Президенті өткен жылдарға терең сараптама жасап, қазіргі жағдайды ескере отырып, келешекке бағытталған басымдықтардың нақты жүйесін құрған. Кітапта ел дамуына әсер ететін барлық факторлар терең талданған. Бұл болашақ саясаткерлер үшін таптырмайтын материал. 

Азаттық алған уақыттан бергі тың тарихымыз яғни, елді түбегейлі өзгерткен маңызды шешімдер, сыртқы саясаттағы батыл қадамдар, түрлі қауіп-қатердің алдын алу және келешекке жоспар. Міне, «Тәуелсіздік дәуірінде» осының барлығы жан-жақты жазылған.  

Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президент қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Бұл кітапты «Қазақстанның осы күнге дейінгі тұрақты даму жолының айқын көрінісі» деуге болады. Жалпы, Қазақстанның феноменіне қатысты әлемде түрлі баға бар. Оны «қазақстандық жол», «Назарбаев моделі», «қазақстандық тренд» деп те айтады. Ендеше, осы айтылған дүниенің барлығының бастауында тұрған адамның естеліктерін, оның өз аузынан есту, өз кітабынан оқу, зерттеушілерге қызық болады деп ойлаймын. 

Кітаптың таныстырылымынан соң «Астана – Ұлы даланың інжу-маржаны» атты фотокөрме өтті. Көпшіліктің назарына Астанадағы әсем ғимараттардың 60-тан аса суреті ұсынылды. Елорданың 20 жылдығына арналған бұл көрме енді Бейжің, Париж, Лондон, Берлин сынды әлем астаналарына жол тартады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу