Тартылмайтын теңіз, сарқылмайтын көл жоқ. Бұл табиғат заңы болса, барды бағалап, оны кәдеге жарату - тірлік талабы. Бұған дейін біздің елде жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары тек 150 метр тереңдікті қамтыған.
Яғни, қазақ сахарасында зерттелмеген, зерделенбеген жер көп. Қаржылай қолдаудың жоқтығы геологиялық барлаудың берекесін кетіріп еді. Соның кесірінен Сәтбаев салған соқпақ жолдың ізін жалғастырушы мамандар да күрт кеміді.
Сондықтан тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан сансырап қалған саладағы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында халықаралық жиындар жиі өтіп тұрады.
Соның бірі - барлау ісін алға бастырып, қазба байлыққа қол жеткізуді көздейтін – «Майнекс» форумы. Биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Жыл сайын мәртебесі өсіп келеді.
Мәселен биыл 16 мемлекеттің 400-ге жуық геологы күн тәртібіндегі 70-ке жуық күрмеулі мәселені ортаға салды. Біздің мамандар еліміздің «Жер қойнауы туралы» заң жобасын ұсынып, Парламент қарауына жіберді.
Базарбай Нұрабаев, ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы:
Барлау жұмыстарына көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Ең бірінші – геологиялық ақпаратқа байланысты. Заң қабылданса, бұл салада ілгерілеушілік болады деп ойлаймын.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ