Нұрсұлтан Назарбаев: Қонақтарымызға елорданың 20 жылда қол жеткізген әсемдігін көрсетуіміз қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Қонақтарымызға елорданың 20 жылда қол жеткізген әсемдігін көрсетуіміз қажет

03.04.2018

Елорданың 20 жылдығына келетін меймандарға қаланың бар әсемдігін көрсету маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Астананың бас жоспарымен танысу барысында айтты. Қала әкімі Елбасыға шаһардың инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ, мәдени нысандарын көркейтуге бағытталған жобаларды таныстырды. Нұрсұлтан Назарбаев жаңа архитектуралық және логистикалық құрылымдарды салу барысында әлемдік тәжірибені ескеру керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, Президент тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін әлеуметтік жобаларға үлкен мән беруді тапсырды. Жиында астаналықтар асыға күтіп жүрген қаланың 20 жылдық мерейтойына дайындық барысы да пысықталды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз 20 жыл ішінде Ұлы Дала төсінде бүкіл әлемге танылған жаңа әсем қала тұрғыздық. Бұл қала халқымыздың мақтанышына айналды. Әрине, бұл – қала әкімшілігінің, құрылысшылардың, сәулетшілер мен осы үдеріске атсалысқан көптеген адамның маңдай терінің жемісі. Біз биыл елордамыздың 20 жылдығын тойлаймыз. Қонақтарымыздың бәріне елорданың 20 жылда қол жеткізген тартымдылығын, әсемдігін және тыныс-тіршілігінің жоғары деңгейде екенін көрсетуіміз қажет.

Хабарламаларға жазылу