Астана тасқын суға қарсы тұруға тас-түйін дайын. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінен хабарлады. Қала билігі Көктал, Өндіріс, Қараөткел және Жаңа темір жол вокзалы маңында орналасқан 27 су басу қаупі бар аймақты анықтаған. Сондай-ақ, еріген қар суын өткізудің кешенді жоспарын қабылдаған.
Қазір Астана су қоймасында 280 миллион текше метрден астам су бар. Бұл оның сыйымдылығының 67 пайызы. Тасқыннның алдын алу үшін су жүретін барлық арналар тазартылып, Есілдің оң және сол сағасы түйісетін жерге топырақ төселуде. Ол осы маңдағы үш бірдей саяжай алқабын тасқын судан қорғайды.
Игорь Алексеев, Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Қазір Майбалық көліне 62 млн. текше метр су жиналды. Оның сыйымдылығы 82-84 млн. текше метрге дейін жетеді. Қазір осы көлден шығып, «Нұра - Есіл» каналына баратын ұзындығы 5,4 шақырымдық арнаны тазалауды аяқтадық.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ