ОҚО-да Мәжіліс депутаттары зауыт жұмысшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да Мәжіліс депутаттары зауыт жұмысшыларымен кездесті

03.04.2018

Мәжілістің бір топ депутаты бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында болып, ондағы индустриалды аймақ жұмысымен танысты. Олар «ЮгЭлектроПривод» және «Электродеталь» зауыттары өндірісінің жай-күйіне қанықты. Бұл екі кәсіпорын трансформатор құрастыруға қажетті электртехникалық жиынтық жабдықтар мен қондырғылар шығарады. Зауыттар «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында іске қосылған. Жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алып, өндіріске енгізгені үшін оларға мемлекет тарапынан қаржылай субсидия беріліп келеді.

Сапар барысында депутаттар зауыт жұмысшыларымен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының маңыздылығын және оның жүзеге асу жолдарын жан-жақты түсіндіріп берді. Жас мамандар әсіресе, «7-20-25» бағдарламасының көпшілікке ыңғайлы екенін айтып, ол жайында сұрап білді.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осында жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың орта жасын сұрадық. Олардың көбі 35 жасқа жетпегендер. Ал, 5 әлеуметтік реформадағы бағыттардың барлығы ең алдымен жастарға, жаңадан отбасы құрған азаматтарға бағытталған, жұмысшыларға қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік береді.

Ерсұлтан Әбдуахитов, зауыттың инженер конструкторы:

- Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктен ипотека алатын болсақ, бұл өте керемет мүмкіндік, бастама. Көптеген жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жастарымыздың 7 пайызбен баспана алуларына мүмкіндік болады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу