Биылғы жазда шегірткелерден қауіп бар. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында марокколық шегіртке жаппай таралуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында фитосанитариялық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы баяндаған Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев мәлімдеді. Ағымдағы жылы зиянды және аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілердің 5 млн. гектардан астам аумағы анықталған. Оларға қарсы тұру үшін биыл республикалық бюджеттен 3,57 млрд. теңге бөлініп отыр. Қазірдің өзінде пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық заттарды жеткізушілер айқындалды, қалған өңірлер бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда.
Арман Евниев, ҚР АШМ бірінші орынбасары:
- Марокколық шегіртке Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жаппай таралуы мүмкін. Осы өңірлерде марокколық шегірткеге қарсы 640 мың гектарды өңдеу жоспарланды. Облыстар әкімдіктеріне жедел штабтар құруды ұсынамыз. Саяқ шегіртке тектестерге баса назар аудару қажет. Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар 408 мың гектар жерді өңдеуге 317 млн. теңге бөлді. Қолдағы ақпаратқа сәйкес, облыс әкімдіктерінің барлығы бірдей бұл мақсаттарға қаражат көздемеген.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ