Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Береке ауылы мектебі асханасының тамағынан ішек ауруларын қоздыратын таяқшалар табылды. Ата-аналар арыз түсірген соң ғана тексеру жүргізілген. Олардың айтуынша, балаларға берілетін тамақтың сапасы нашар екенін біле тұра, мектеп басшылығы еш шара қолданбаған. Ал, СЭС қызметінің мамандары бірқатар заң бұзу деректерін анықтады. Тіпті, ыстық тамақ әзірлеуге қажетті азық-түліктің сапа сертификаты болмаған. Ал, зертханалық сараптама сорпа мен көкөністен ішек бактериясының бар екенін көрсетті. Мектепте 350-ге жуық оқушы дәріс алады. 120 балаға тамақ тегін беріледі. Тексеру комиссиясы асхананы жалға алған кәсіпкерге 50 мың теңге көлемінде айыппұл салды.
Қайрат Смағұлов, Ақсу қалалық оқу бөлімінің басшысы:
- Заң ретінде жалға алушымен бірге шартты бұзамыз. Басқаша конкурс процедураларын жасаймыз. Әрине, басқа жалға алушылармен бұл мәселені тез шешуге тырысамыз.
Болат АМАНБАЕВ