Түзеу мекемесінде кәсіп ашуға жағдай жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түзеу мекемесінде кәсіп ашуға жағдай жасалған

28.03.2014
Түзеу мекемесінде кәсіп ашуға жағдай жасалған

Өз кәсібіңізді түзеу мекемелерінде ашуға шақырса қалай қарар едіңіз? Әрине ол жерде сотталғандар отыр деп, күдікпен қарауыңыз мүмкін. Бірақ қазір мемлекеттің өзі сол түзеу мекемелерінде кәсіп ашамын дегендерге жағдай жасауға дайын.

 
Өйткені, олардың көбісі кезінде ірі өндіріс орындары болған жерлерде салынған. Яғни, ол жерлерде жабық нысандар, жоғары кернеулі қуат көзі және кейбірінде теміржолға дейін бар.
 
Қажетті мамандарды табу да қиын емес. Қазірдің өзінде осындай мүмкіндіктерді ескеріп сол жерде кәсібін ашып жатқан азаматтар бар.
 
Жеке кәсіпкер Мұрат Рахимов 5-6 миллион теңгесін шығындап өз кәсібін түзеу мекемесінде ашты. Берген ғимаратты жөндеп, қажетті құрал-саймандарын әкеліп жұмысты бастап кеткен. Дегенмен басында қорқыныш пен күдіктің болғаны рас. Бірақ, қазір тиімділігін көріп отыр.
 
Мұрат Рахимов,  жеке кәсіпкер:
Жалға беру ақысы көп емес, өндірістік қуаты үлкен. Әкімшіліктің көмегі бар.  Қандай адам керек соны аламын. Мамандарды осы жерден тауып отырмыз.
 
Жазасын өтеуші Жанат Ибраевтың міндеті дайындайтын өнімдерінің сызба нұсқасын әзірлеу. Кәсіпкердің осы жерде бизнесін ашуы Жанат сияқты біраз жанға нан тауып беріп отыр.
 
Жанат Ибраев, жазасын өтеуші:
Негізі өзіме жетіп жатыр. Шай мен темекімді алып,  анда-санда үйге жіберіп тұрамын.
 
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Мына қосалқы жабдықтар Астана көшелерінің қары мен қоқысын тазартуға арналған. Мысалы мында құм мен тұз тиеліп оны көктайғақ күндері көшеге себеді. Ал, мына техника Арқаның омбы қарын күреуге таптырмас құрал.
 
Бұл жабдықтарға сұраныс бар. Оған мекеме әкімшілігі де көмектеседі. Қазір мұнда темір бұйымдарынан бөлек тігін цехы да жұмыс істеп тұр. Полиция қызметкерлері мен сотталушылардың киімдері осы жерде тігіледі. Сонымен қоса жиһаздар дайындайтын ағаш шеберханасының да жұмысы қызып тұр. 
 
Берік Тәңірбергенов, жазасын өтеуші:
Жұмыс істеген жақсы, уақыт тез өтеді.
 
Қазір республика бойынша осындай түзеу мекемелеріне келген кәсіпкерлердің саны отыздан сәл ғана асады. Бірақ болашақта олардың саны артуы мүмкін.
 
Нұрболат Қалибеков, «Еңбек-Ақмола» РМК бас инжинері:
Бүгінгі күні осы мекемемізде жұмыс істеп жатқан адамның саны - 186. Жаз кезінде оның саны 300-ге жуықтайды. Құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Басқа да кәсіпкерлерді  шақырып жатырмыз. 
 
Оның үстіне келген кәсіпкерлер арнайы мамандар іздеп әуре болмайды. Қазір 42 түзеу мекемесінде 50 мамандық бойынша оқытып арнайы диплом береді.
 
Нұржан Мектепов, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бас маманы:
Олар өздерінің қалаған мамандығы бойынша білім алып шыға алады. Сол дипломмен бостандыққа шыққаннан кейін де жұмыс істей береді.
 
Осы күндері республика бойынша түзеу мекемелерінде кәсіпкерлерге арналған ашық есік күндері өтіп жатыр. Бұл - мекеменің ғимараттарымен және инфрақұрылымымен танысуға тамаша мүмкіндік.
 
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу