Мегаполистегі халық көп келетін бірқатар ірі орталықтар бүгін өздерінің төтенше жағдайға қарсы қауіпсіздік жүйелерін таныстырып, келушілерге ашық ақпарат берді. Солардың бірі «Достық плаза» ойын-сауық орталығы. Бұл жерге айына миллионнан аса адам кіреді. Сондықтан, өрт қауіпсіздігі бойынша қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің сарапшы ұйымдарының кешенді тексеруінен өткен. Аталған ұйым мұқият тексеру жүргізіп, жоғары баға берген. Орталық әлемдік ең озық технологияның жетістігі саналатын құрал-жабдықтар және автоматты қондырғылармен жабдықталған. Осы себепті дабыл, хабарландыру, су шашу және түтін шығару жүйесі ақаусыз жұмыс істейді.
Нұрлан Жүнісов, ойын-сауық сауда орталығының бас директоры:
- Біздің нысан алып ғимарат болғандықтан, қауіпсіздік шаралары басты назарда. Сондықтан, қонақтарымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін күн сайын құрылғыларды жиі тексеріп отырамыз. Барлық жерге бейнебақылау орнатылған. Бүгінге дейін олардан ақау білініп, жұмысы бұзылған жағдайды байқамадық. Кинотеатрдағы он залда 1600 орын бар. Олардың барлығында апаттық есіктер жұмыс істеп тұр.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ