Кеден бекеттерінде тәртіп күшейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеден бекеттерінде тәртіп күшейіп келеді

28.03.2014
Кеден бекеттерінде тәртіп күшейіп келеді

Қытай мен Түркиядан тасымалданатын тауарлар шекаралық кеден бекеттерінен жасырын өткізіліп келген. Мұндай әрекеттерге көбіне алаяқ, кәсіпкерлердің тілімен айтсақ «бір күндік» компаниялар барады.

 
Олар мүліктің құнын жасырып, салықтан жалтарғысы келетіндер. Енді ондайлардың заңсыз жұмысы «Жасыл дәліз» жобасы арқылы реттелетін болады. Бұл туралы Кедендік бақылау комитетінде өткен кеңесте айтылды. «Жасыл дәліз» жобасына сәйкес, бұдан былай шетелден тауар жеткізу құқығы, тек уәкілетті экономикалық операторларға беріледі.
 
Қазір елімізде осындай мәртебе алған 69 заңды тұлға бар. Оларға кеден органдары тарапынан арнайы жеңілдіктер де жасалады. Осының арқасында кедендік рәсімдеу жеңілдеп, әкімшілік кедергілер азаяды. Сондай-ақ, қазынаға түсетін қаржы көлемі ұлғаяды. Бүгін осы мақсатта Тәуелсіз уәкілетті экономикалық операторлар қауымдастығы құрылды.
 
Абай Сүттіқожанов, Тәуелсіз уәкілетті экономикалық операторлар қауымдастығы директорының орынбасары:
Бізге кедергі Кеден комитеті емес, кедергі - бизнесмендердің ішінде. Бірінші өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан да осы қауымдастықты құрып отырмыз. Қауымдастықтың мүшелері бір-бірімен меморандумға отырады, яғни экономикалық контрабанда жасамауға уәде береді.
 
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу