Қоғам қайраткері Нұрлан Ерімбетов Қызылорда қаласына жерленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғам қайраткері Нұрлан Ерімбетов Қызылорда қаласына жерленді

26.03.2018

Өткен демалыс күндері қазақ елі тағы бір тұлғасынан айырылды. 58 жасында белгілі қоғам қайраткері, азаматтық қоғамның белді өкілі Нұрлан Ерімбетов ауыр науқастан дүние салды. Бірнеше партия мен мемлекеттік қызметте, журналистика мен жеке секторда жұмыс істеп, азаматтық қоғамның қалыптасуына үлкен үлес қосқан азаматты көпшілік жақсы таниды. Марқұмды ақтық сапарына туған жері Қызылорда қаласынан шығарып салды.

Нұрлан Ерімбетов көреремен жадында  қоғамның ең белсенді өкілі ретінде қалды. Себебі, ол елдегі барлық саяси науқан мен ірі іс-шаралардың бел ортасында жүрді. Ойын ашық айтып, өзі сияқты азаматтардың бір топ буынын тәрбиелей білді. Кенеттен келген ажал көпшіліктің қабырғасын қайыстырды.  Әріптестері мен замандастары, таныстары, экран арқылы білетін азаматтар әлеуметтік желі арқылы көңіл айтты. 

Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:

- Мен оны барлық кезде ұстазым, өзіме үлгі болған басшы, жақсы әріптесім, ағам ретінде құрметтедім. Қай кезде болса да қасынан табылуға тырыстым. Өте демократиялық көзқарастағы адам. Екі ұлы, жақсы көретін немересі бар. Суретін тастамайтын, барлық кезде «міне, мені қатты жақсы көреді, маған ұқсайтын немерем» деп айтып жүретін. 

Нұрлан Ерімбетов 1960 жылы Қызылорда қаласында  дүниеге келді. Биліктің де, қоғамның да түрлі еңбек сатысынан өтті. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары,  «Ақ жол», «Нұр Отан» партияларында қызмет етті. Соңғы кездері «Азаматтық альянсты» басқарып қана қоймай, республикалық телеарнаның бірінде саяси ток-шоуларды тізгіндеді. Қай салада болмасын өзінің зиялылығы мен сауаттылығын, қарапайымдылығы мен іскерлігін көрсете білді.

Мұрат Мұхамедов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 - «АйтPark» деген өзінің продюсер болған хабары сол жылдары Қазақстандағы бүкіл телевизия бойынша рейтингі алдыңғы орында болды. Нұрлан осы бағдарламада қоғамдағы қордаланып қалған мәселелерді дөп басып, дер кезінде көтеріп, тиісті министрліктерді, ведомство басшыларын шақырып, айтатын.

Нұрлан Ерімбетовтың бұл өмірдегі дәм-тұзы 21 наурыз күні Астанадағы онкология және трансплантология ғылыми орталығында таусылды. Марқұм жұма күні туған жері Қызылорда қаласына жерленді. Оның жарқын бейнесі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу