Шығыс Қазақстан облысындағы үш ауданда төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысындағы үш ауданда төтенше жағдай жарияланды

26.03.2018

Өңір бойынша 800 адам эвакуацияланды. Қауіпті деген аумақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Басқа облыстардан да құтқарушылар көмекке келіп жетті.

Өңірде 630 үй мен 110 саяжай суда қалды. Аягөз, Глубокое, Зырян аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бір ғана Глубокое ауданына қарасты Прогресс ауылының тең жартысын су алып кетті.

Мұрат Мұқашев, Глубокое ауданының тұрғыны:

- Глубочанка өзені тасып, ауылды басып кетті. 50 шақты үйдің ішіне су кірді.

Аудандардағы еріген қар суынан пайда болған сел екі сағаттың ішінде екі метр биіктікке көтерілген. Апат болған аймақтарда 800-ден астам адам эвакуацияланып, баспанасыз қалғандар мектептерге орналастырылды. «Суда қалған үйлер өзендердің жағасында әрі еңіске салынған», деседі мамандар. Облыстағы күре жолдарды су шайып, көлік қозғалысы тоқтап қалды. 

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

- Наурыздың 1-і мен 25-і аралығында жауған жаңбыр қалыпты нормадан үш есе артық болды. Бүгінгі күні су басу бойынша облыста 481 факті тіркелді. Осыған орай, жоғарғы деңгейлі дайындық режимі Өскемен, Семей, Жарма, Зырян, Күршім,  Катонқарағай, Ұлан ауданында енгізілді.

Зардап шеккен аумақтардағы ең өзекті деген мәселелерді шешу үшін бюджеттен 282 миллион теңге қаражат бөлінді. Бір Аягөз ауданына 179 миллион теңге қаралып, 13 үй сатып алынған. 109 үйді бастан-аяқ жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаты жасалды. Бірер күнде құрылыс жұмыстары басталады. Ал, Шемонаиха ауданында 35 үй селден зардап шеккен баспанасыз тұрғындарға беріледі. Сондай-ақ, қайырымдылық қорын ашу жоспарлануда.Тасқыннан жапа шеккендер жергілікті жерлерде көмір, тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз етілуде. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, көмекке зәру ешбір тұрғын назардан тыс қалмайды.

Айдана Дайырова, тілші:

- Ауыл тұрғындары осыдан үш апта бұрын жергілікті билікпен бірігіп, селдің алдын алуға тырысқан. Алайда, еш нәтиже болмаған. Қазір Шығыс Қазақстанға басқа облыстардан көмек күші келуде. Бірақ, селді ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Шығыс Қазақстанда сел алу қаупі бар, яғни, төтенше жағдай жариялануы мүмкін тағы жеті аумақ тұр.

Айдана ДАЙЫРОВА   

Хабарламаларға жазылу