Ұлыстың ұлы күні өңірлерде өзіндік-сән-салтанатымен аталып өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыстың ұлы күні өңірлерде өзіндік-сән-салтанатымен аталып өтуде

22.03.2018

Ұлыстың ұлы күні өңірлерде де өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Еліміздің барлық дерлік елді мекенінде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мол дастархан жайылды. Наурызды «іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің мейрамы», деп санайтын жұрт мерекелік шараларға белсене қатысып, жыл басына арналған думанның шырайын кіргізді.

Жылдағы дәстүр бойынша Қарағандыдағы орталық демалыс саябағында мерекелік шара ұйымдастырылды. Биылғы ерекшелігі, Наурыз тойы алаңы 7 тақырыптық аумаққа бөлінген. Ал, оның екі қанатында 20-дан астам киіз үй тігілді.

Нұрлыбек Әубәкіров, қала тұрғыны:

- Еліміз қыстан аман-есен шығып, көктемге жетіп, бір-бірімізбен қауышып, амандасып, көрісіп жатырмыз.

Наурыз алаңында көпшілік көжеден дәм татып, қолөнершілердің көрмесін тамашалады. Ал, ұлттық спорт ойындары мереке көркін қыздыра түсті. Жұрттар арқан тартысып, ләңгі теуіп, асық ойнап жарысты. Жалпы, облысқа қарасты 9 қала мен 9 ауданның барлығында Ұлыстың ұлы күні осындай кең көлемде тойланды.

Ұлық мереке Сыр елінде де өзіндік сән-салтанатымен өтті. Негізгі мәдени шаралар қаланың орталық алаңында ұйымдастырылып, жағалай ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Олардың  әрқайсысының атауы бар. Мәселен, Жетес би ауылы. Бұл әйгілі бидің 190 жылдығына арналған. Онан әрі Жанқожа батыр, Манап Көкенов ауылы деп жалғаса береді. Ал, «Домбыра-думан» шарасы мерекенің көрігін қыздырды. Шарада халық жадынан ұмыт бола бастаған күйлер ойналды.

Ал, Атырауда Ұлыстың ұлы күніне орай 60 киіз үй тігілді. Олардың бірқатары Сұлтан Бейбарыс алаңында салтанат құрды. Жергілікті кәсіпорындар мен мекемелер ұлттық дәстүрді насихаттау мақсатында жастармен бірігіп осы игі бастаманы қолға алған. Ал, бүгінгі алаңдағы шараның ерекшелігі, ең дәмді Наурыз көже мен үздік салт-дәстүр қойылымы және ең үздік киіз үй иелері сайысы ұйымдастырылды. Кешқұрым жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Павлодардың орталық алаңында да Наурызға арналып ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Дәл осы жерде халқымыздың салт-дәстүр, жоралғыларынан бастап, мәдениеті, тарихы, тұрмысы, тіпті, табиғи байлығымыз туралы мәлімет алуға болады. Әр киіз үй жеке-жеке тақырыптар бойынша безендірілген. Мәселен, қала қонақтары геологиялық материалдарға қарап-ақ, өңірдегі өсімдік түрлерін, қандай аң, құс, жануарлар мекендейтінін біле алады.

Мелжан Рахымсейтұлы, қолөнер шебері:

- Наурыз - ұлық мереке. Бәрімізге бақ-береке әкелсін. Молшылық көп болсын. Ақ мол болсын.

Негізі, биылғы Наурыз танымдық тұрғыдан ерекшеленеді. Ойын-сауық, спорттық жарыстардың қай түрі болсын, қазақ ұлтының көнеден келе жатқан ғұрыптарымен ұштастырылып өткізілуде.  Наурыз мейрамын тойлау өңірде бір ай бойы жалғасады деп жоспарлануда.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу