Жамбыл облысында ұлық мереке 9 күн тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ұлық мереке 9 күн тойланды

22.03.2018

Жамбыл облысының халқы да биыл Ұлыс күнін ерекше атап өтуде. 14-наурыздан басталған Ұлық мереке өңірде 9 күн тойланып, әр күніне ерекше атау берілді. Соған сай іс-шаралар легі жалғасты, той тойға ұласты.

Жамбылдықтар Жаңа жыл түнін осылай ұйқысыз өткізді. Түні бойы Этноауыл маңында ән әуелеп, күй күмбірледі. «Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» қайта жаңғырды.

Ұлыс таңына ұласқан мерекеде қаздай тізілген киіз үй қалашығы, театрландырылған көрініс, ұлттық ойындар көне Тараздың сән-салтанатын бүгін барынша асқақтатты. Күлімдеген күн, көңілді концерттік бағдарлама, дәмді тағам, бәрі көктем мерекесін тойлауға келген жұртшылықтың көңілінен шықты. 

Орталық алаң мен Этноауылда көпшілік үшін мерекелік сауда-саттық, көне бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Жастар жағы алтыбақан теуіп, ән салса, мәз-мейрам болған балалар Наурыз көже мен бауырсаққа бір тойды. Аға буын дәстүр-салттың жөні мен жолын айтып, «жыл құтты болсын!», деп бата берді. Ұлттық ойындар да ұмыт қалған жоқ.

Амал мен тағзым, тазалық пен сергектік, өнер мен дәстүр, шаттық пен үйлесім және Ұлыстың ұлы күні. Жамбыл жеріндегі биылғы Наурыз тойының 9 күні осылай таразыланды. Әр күннің тәлімі мен тағылымы ұлы дала құндылығын әркімнің санасына сіңіріп, жадында жаңғырта түскені анық.

 

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу