Америкалықтар ардақтаған әз-Наурыз! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкалықтар ардақтаған әз-Наурыз!

22.03.2018

Ой мен қырды құлпыртып, ырыс пен ынтымақ әкелетін, түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктіретін ұлық мерекені АҚШ елшілігі де атап өтті. Қазақтың әні айтылып, биі биленді, дәстүрі дәріптелді. Жалпы, алып державаның Астанадағы өкілдері халқымыздың әр мейрамына құрмет көрсетіп, ерекше әзірленеді. Ал, әз-Наурызға америкалықтардың қандай сыйы бар екен?

Әр мереке сайын Америка елшілігіндегі киіз үйдің есігі айқара ашылады. Бұл киіз үйде АҚШ мемлекеттік хатшысы Керри мырзаның өзі қабылданған еді. Айта кетерлігі, киіз үйдің барлық жабдықтары Қазақстанда жасалған және америкалық технологиялар енгізілген. Мәселен, киіз үйдің едені жылытылады екен.

Киіз үйдің жанға жылулық, көңілге шуақ сыйлауының сыры бұл ғана емес. Америкалықтардың қазақтың ою-өрнегі мен текеметі, ұлттық бұйымдарымызға деген құрметін ішінің әрленуінен-ақ сезуге болады. Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол мырза екі жыл бұрын киіз үйді арнайы тіккізген. Содан бері бұл жерде қазақтың түрлі салты салтанат құрып, қадірлі қонақтар күтіліп, мейрамдар тойланып келеді.

Джордж Крол, Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшісі:

- Қазақстан - өте жайлы, әрі руxани бай ел. Адамдары еркін және ашық. Бұл көшпенділік тариxқа байланысты шығар. Ашық көңіл мен сабырлылық Қазақстанды сипаттайтын қасиеттер деп білемін. Өзіңді жайлы сезінесің. Дәл мына киіз үйдегідей. Қыста жылы, жазда салқын. Өзіңді отбасының мүшесі, жайлы, әрі қауіпсіз сезінесің. Қазақ халқына құрметімді көрсету үшін осы киіз үйді тіккіздім, шаңырағын өзім көтердім, содан бері ішінде жиі дастарxан жаямыз, тіпті, пресс-конференция мен жоғарғы деңгейдегі жиындарды өткіземіз, қонақтардың барлығын осында шақырамын.

Қазақтың қонаққа ілтипатпен, ізетпен қарауы америкалықтарды арбап алған екен. Қонақжайлылыққа алғыс ретінде олар ұлтымыздың әдет-ғұрпы жайлы танып-білуге тырысып жүр. Мәселен, жақында қазақ-америкалық бірігіп, «тұсау кесу» рәсімін жасаған. Балақай алғашқы қадамын осы киіз үйде басты.

Өткен жылы америкалықтар Ұлыстың ұлы күніне арнайы бейнебаян жасаған еді. Онда ақ дастарханның төрінен орын алатын тағам туралы аңыз айтылып берсе, биылғы дайындық та ерекше. Мұхиттың ар жағынан келген әншілер тілін сындырып, Наурыз жайлы қазақша ән жаттап, осындай шашу шашпақ.

Бұл - экслюзивті кадрлар. Әннен бөлек, АҚШ азаматтары мерекелік бағдарлама да әзірледі. Ақ дастарханда ұлттық тағамдар, ән-күй, би, шат-шадыман көңіл мен шалқар тілек. Наурыз, міне, осылай тойланды.

Джордж Крол, Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшісі:

- Дастарxан жайдық, шұбат, қымыз, Наурыз көже, бауырсақ, қазақша ет те болды. Әлі де тойлаймыз, жыл сайын тойлаймыз. Осының барлығы америкалықтардың елдің дәстүрін біліп, танып, дәріптеуі үшін үлкен үлесін қосады. Жеке басым, қазақтың ұлттық тағамдарын жақсы көремін. 3,5 жыл бойы әр күн сайын таңертең бір кесе шұбат ішемін. Оның денсаулыққа пайдалы екеніне көзім жетіп отыр.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу