Алматы Наурыз мейрамын тойлауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы Наурыз мейрамын тойлауда

22.03.2018

Наурыз мерекесін Алматы айрықша сән-салтанатымен қарсы алды. Таңмен таласа оянған тұрғындар Жаңа жылға аман-есен жеткендеріне саулық айтып, ақ тілекпен тағы бір қуанышты күнмен қауышты. Ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында бас қосып, Наурызнамаға жайылған ақ дастархан ұлттық тағамдарға толды. Өнерпаздардың ән-күйі той көркін қыздырды. Алматылық көңіл-күйді тікелей байланысқа шыққан әріптесім Лаура Қуанышқызы жеткізді.

Адам аузы аққа, мал тұяғы көкке жеткен, ырыстың басы әз - Наурыз мейрамы да келіп жетті. Оны Алатаудың етегін жайлаған ерке Алматы халқы ерекше атап өтуде. Әсем қаланың Астана алаңына азаннан ағылып жатқан халық көп. Думанға жиылған жұрттың жүзінен жылу, көзінен қуаныш көрінеді. Қатқыл қыстан аман шыққан халықтың көңілі бүгін ерекше жайдары. Көзге оттай басылатын қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің сәнін келтірсе, мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілердің өнері думанды қыздыруда. Этноауылда әр ұлттың мәдени құндылықтары мен дәстүрі дәріптелуде. Тілі басқа тілегі бір, түбі басқа болса да, жүрегі бір отандастарымыз ұлттық тағамдарын дайындап, жиналған қонақтарға Наурыз көже ұсынып, шат-шадыман күйге бөленуде

Алматыдағы Ұлыстың ұлы тойы күн көзі ұясына жасырынғанға дейін аяқталмайды. 

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу