Аягөзде тасқыннан баспанасыз қалған тұрғындарға үй беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөзде тасқыннан баспанасыз қалған тұрғындарға үй беріледі

20.03.2018

Аягөзде су тасқынынан үйлері құлап қалған 14 тұрғын осы аптада баспаналы болмақ. Алайда, үй-жайлары зардап шеккендер әлдеқайда көп боп шықты. Өйткені, су шайып кеткен нысандардың басым бөлігі ескі ғимараттар. Тұрғындар мұндай апатты үйлер кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан, мамандар тозығы жеткен баспаналарға сараптама жасауға кірісті.

Су тасқынынан зардап шеккендердің бірі – Қанат Жампейісов. Тосыннан болған тасқын судан үйі құлап қалған. Қазір әйелі 3 баласымен интернатта тұрып жатыр.

Қанат Жампейісов, зардап шегуші:

- Үйде болдық. Іргелес тау бар, соған қашып шықтық. Кешке дейін содан қарап тұрдық. Кезінде сатып алдым. Су апаты болмаса, қазір осы үйде тұрар едік.

Үйсіз қалған тағы 108 адам уақытша интернатты паналады. Баспанасынан айырылған тұрғындардың алғашқы легіне осы аптада-ақ үй беріледі. Зардап шеккен халыққа жергілікті билік жан-жақты көмек көрсетіп жатыр.

Бауыржан Нүкібаев, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы жердегі кәсіпкерлер де көмектесіп жатыр. Әр үйге отынын, көмірін алып беріп жатырмыз. Қазір 80 пайыз халықтың жағдайын шештік деп ойлаймын.

Тасқынның салдарынан қираған 14 үйден өзге, тағы 107 баспана жарамсыз күйде тұр. 33-і апатты жағдайда. Мамандар қазір оларға сараптама жасауда. Жалпы, жергілікті биліктен су тасқынынан кейін 142 адам көмек сұраған.

Көгершін Қуанышбаева, зардап шегуші:

- Әкімдік жөндеу жұмыстарын жасап береміз дейді. Кішкентай 4 балам бар.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықтың талап-тілегін дұрыс қабылдап, оларға жаңа үй салып беруге атсалысуымыз керек. Егер де өз қалаулары бойынша үй алам десе, оларға да тиісті қаражатын беруіміз керек.

Апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Азық-түлік, киім-кешек тиелген көліктер тоқтаусыз келіп жатыр. Қорға 100 млн. теңгедей қаржы да жиналған.

 

Гүлназ КАУКЕН

Хабарламаларға жазылу