Наурызға алматылықтар айрықша сый әзірлемек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурызға алматылықтар айрықша сый әзірлемек

19.03.2018

Наурыз мейрамының 62 жылдан кейін қайта түлеп, жалпыхалықтық сипат алған жері - Алматы. Сондықтан, мегаполис жұртшылығы жаңару мерекесін жыл сайын сағынышпен қарсы алады. Биыл да алып шаһарда Наурыз тойы жылдағыдан өзгерек болады деп жоспарланып отыр. Себебі, 22 сәуірге дейін бір ай бойы мерекелік шаралар жалғасады. Жалпы саны 150 іс-шара өтпекші. Белгілі кәсіпкерлер мерекенің мәнін ашуға атсалысады. Мәселен, ұлыс күні 25 тонна бауырсақ, 25 тонна наурыз көже және 5 тонна палау дайындалады.

Қалалық әкімдіктің өкілдері ұсынған ұлттық тағамдарды дәріптеу шарасын кәсіпкерлер бірауыздан қолдады. Сондықтан, қазір оған мегаполистегі табиғи таза, әрі сапалы тағам жасайтын мейрамханалардың он саусағынан бал тамған аспаздары тартылды.  

Мұхтар Сыздықов,  кәсіпкер:

- Ең басты тағамымыз наурыз көже. Біз бауырсақты ыстықтай беріп, 22-ші наурыз күні келген қонақтарымызға бір-бір кеседен наурыз көжені тегін, өзіміздің ресторанда ұсынамыз ба деген ойымыз бар.

Ал, кәсіпкерлердің ісін қаладағы бірнеше сауда орындарының басшылығы да қолдап отыр. 22-наурыз күні  қаланың 46 көпшілік базарында 12 тонна бауырсақ, 8 тонна наурыз көже және 5 тонна палау халыққа тегін таратылады.

Мегаполистегі мерекенің тағы бір жаңалығы бар. Мәселен, әлемдегі ең ұзын құрақ көрпені тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына енгізбекші. 25 мың 500 шаршы метрлік құрақ көрпе қыркүйек айында өтетін қала күнінде дайын болады. Оған елдің барлық өңірінен тартылған қолөнер шеберлері атсалысады.

Қолөнер шеберлерінің айтуынша, құрақ көрпе арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен табиғаты бейнеленеді. Ал, оны ұлттық ою-өрнектермен безендірмек.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу