Алматыдағы Орталық және қаладағы барлық мешіт өкілдерінің ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында су тасқынынан судан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілді.
Бүгін аталған аймаққа 15 тонна қайырымдылық жүгі артылған автокеруен жолға шықты. «Қайырымдылық керуені» атты акцияға тұрғындар мен «Ықылас» қоры да атсалысты. Өткен жұмада басталған шараға бүгінге дейін тұрмыстық заттар, киім-кешектер, көрпе-жастық және 4, 5 миллион теңге жылу жиналды. Бас имамның сөзінше, қиналған көпшіліктің басына түскен ауыртпалық - баршамызға ортақ. Сондықтан, көмек көрсету - міндет.
Екінбек Шоқаев, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы:
-Қала мешіттерімен өткен жұмада «Қайырымдық керуені» атты науқанды жарияладық. 3 күннің ішінде қаржылай 4 млн. теңгедей жиналса, материалдық көмек 15 тоннаға жетіп отыр. Мұның барлығы осы оқиғаға бейжай қарай алмайтын жамағаттың арқасы. Біздің имамдарымыз бен еріктілер тобымыз бұл көмекті Аягөз қаласына жеткізетін болады.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ