Бурабай-Щучье курорттық аймағы туристерді жыл бойы қабылдауға әзір. Мұны «Бурабай даму» бірыңғай туристік байланыс орталығының өкілдері хабарлады. Өңірдегі туристік нысандармен еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де танысып келді.
Олар Бурабайдағы қонақүйлердің сапасын көріп, демалыс орындарында болды. Мәселен, мұнда 2012 жылдан бері «Лапландия» паркі жұмыс істеп тұр. Кешен өкілдерінің сөзінше, жаздың басында бұл аймақта этнотур ұйымдастырылмақ. Абылай хан алаңында 3D форматтағы мұражай ашу жоспарда бар.
Азамат Баймұқанов, «Бурабай даму» бірыңғай туристік байланыс орталығының басшысы:
- Бурабай курорттық аймағы 4 жыл мезгілінде де туристерді қызықтыратындай мұнда үлкен жұмыстар жүргіземіз. Мәселен, мамырдың 1-де құрылыс басталады. «Бурабай-ленд» деген атаумен қазақстандық «Диснейленд» ашылады. Балаларға арналған ойын алаңы Орталық Азия мемлекеттерінің бірінде де жоқ. Сондай-ақ, қымыз, шұбаттан дәм тататын орталықтар ашылмақ.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ