ОҚО-да 7 жасар баланың ісіне қатысты бірқатар лауазым иелері қызметінен босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да 7 жасар баланың ісіне қатысты бірқатар лауазым иелері қызметінен босатылды

15.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында ата-анасы зорланды деп күдіктенген 7 жасар баланың ісіне қатысты бірқатар лауазым иелері қызметінен босатылды. Облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында Сарыағаш аудандық полиция қызметінің бастығы Бердалы Оразгелдиев пен Абай ауылдық бөлімінің полиция қызметінің бастығы жұмыстан кетті. Бірқатар жауапты тұлғаларға сөгіс жарияланды.

Сондай-ақ, бүгін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева баланың өзімен кездесіп, туған-туыстарымен әңгімелесті. Омбудсмен  бұл оқиғаны өз бақылауына алатынын және сараптамалардың заң аясында жүргізілуін қатаң қадағалайтынын айтты. Естеріңізге салсақ, былтыр тамыз айында баланың әжесі көрші тұратын ересек балалар немеремді зорлады деп полицияға арыз түсірген. Тергеу жүргізіліп, арнайы сараптама да жасалды.  Оның нәтижесі бойынша баланың ағзасынан ешқандай зорлау белгілері табылмады. Алайда, «мектеп директоры мен полиция бұл істі жылы жабуға тырысты » деген әжесінің жанайқайынан соң бұл оқиға қайта тексерілуде. 

Зағипа Балиева, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Мемлекет қорғауға алды. Енді баланың қасына ешкім жолай алмайды. Жақындамайды. Сұрақ қоймайды. Оған тыныштық керек. Бала сау, тамағы тоқ, жағдайы жасалған.

Бауыржан Майрықов, Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Қазір тергеу амалы жүріп жатыр. Облыстың сараптама қорытындысы келген жоқ. Егер дәлелін тапса, міндетті түрде мұғалімі де, оқушы да жауапсыз қалмайды. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу