Ресей азаматтары ең көп баратын үш елдің бірі – Қазақстан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей азаматтары ең көп баратын үш елдің бірі – Қазақстан

15.03.2018

Әлем бойынша Ресей азаматтары ең көп баратын үш елдің бірі – Қазақстан. Жыл сайын солтүстіктегі көрші мемлекеттен біздің жаққа 2,5 миллион турист келеді. Енді олардың саны одан да артуы тиіс. Себебі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Ресейдің туризм жөніндегі федералды агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар үшінші елдерден келетін туристерді Қазақстан мен Ресей аумағын қатар аралату үшін трансшекаралық бағыттар әзірлеуге және туризм саласындағы инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға уағдаласты. Келісім Ресей астанасында өтіп жатқан 25-ші Мәскеу халықаралық туристік көрмесі аясында бекіді. Форумға барған Қазақстанның туристік компаниялары арнайы ұлттық павильонға бірігіп, еліміздің көрікті жерлерін көпшілікке таныстырды. Мамандардың айтуынша, біздің елде тау шаңғысынан бастап туристер сүйсініп тамашалайтын қоқиқаздарға дейін бар. Ендігі мақсат – осы мүмкіндікті сауатты пайдаланып, саяхатшылар санын еселеу.

Қайрат Сәдуақасов, «Kazakh Tourism» ҰҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Ресейлік туристер көбінесе шекаралас өңірлерден Қазақстанға өз автокөліктерімен келеді. Яғни, олар өзен-көлдің бойында, табиғат аясында демалғанды, экстремалды спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көреді. Сондықтан, біз ресейліктер үшін дәл осы бағытты таңдап, көптеген облыстағы табиғаты тамаша жерлерді ұсынғалы отырмыз.

Олег Сафонов, РФ туризм жөніндегі федералды агенттігінің жетекшісі:

- Біздің елдеріміз мәдени-танымдық тұрғыда, табиғаты жағынан бір-біріне өте қызық. Тіпті, Қазақстаннан Ресейге немесе Ресейден Қазақстандағы туыстарына барып тұратын адамдар да өте көп. Менің өзім, мысалы үшін, бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласында туып-өскенмін. Сондықтан, мен үшін дәл Қазақстанмен туризм саласындағы меморандумға қол қою маңызды әрі айтулы оқиға. Жалпы, қай жағынан қарасақ та, өзара туристердің санын арттырудың жолдары мен мүмкіндігі көп. Біз туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты әрдайым арттыра береміз.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу