«balapan» телеарнасының қоржыны жаңа тоғыз жобамен толығады. Осылайша арна ұжымы наурыздың 15-нен бастап кішкентай көрермендерін қуантпақ. Олар бұл жолғы бағдарламалардың жанры бөлек, мазмұны ерекше екенін айтады.
Телеарна тек бүлдіршіндерге ғана емес, ата-аналарға арналған тың жобаларды ұсынады.
«balapan» тұсауын кескелі балғындардың екінші бағбанына айналды десе артық айтқандық болмас. Өйткені, еліміздегі кішкентай көрермендер таңның атысы, күннің батысы демей осы арнаны көреді. Қызықтайды. Маңыздысын меңгереді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі:
- Арнаның шығармашылық тобы 7 жылда 300-ден аса тележоба дайындады. Жаңа маусымда эфирден көрсетіле бастайтын жобалар еліміздің кішкентай көрермендердің көңілінен шығады деген үміттеміз.
Жаңа маусымда жарық көретін жобаларды жіпке тізсек. «Үйдеміз, үйренеміз» хабары уақытты тиімді өткізудің тәсілін көрсетсе, «Күнделік» бағдарламасы жеңіс тұғырынан көрінген балғындарды насихаттайды. Ал, «Мүмкіндік» - түрлі кәсіп иелерін таныстырмақ. Шетелге шыққан бүлдіршіндердің де сол ел жайлы бейнежазба жіберуіне мүмкіндік бар. Ең қызығы, арна тарихында тұңғыш рет ата-аналарға арналған бағдарлама ашылмақ.
Мақпал Жұмабай, «balapan» телеарнасының директоры:
- «balapan» телеарнасы – тек балалардың арнасы емес, бүкіл отбасының арнасы. Сондықтан, біз осы маусымда ата-анаға арналған 3 бірдей бағдарламаны ұсынып отырмыз.
Тағы бір ерекшелігі – арна ұжымы ғылым саласына ерекше ден қойып отыр. Мәселен, «Жас ғалым» танымдық бағдарламасы ІТ технология мен ғылыми тәжірибе сынақтарын көпшілікке ұсынбақ.
Бақытты балалықтың мекеніне айналған жас арнаның жаңа маусымдағы жаңалығы осындай. Бағдарламаларға шолу жасадық. Ал, мазмұны қалай болмақ? Оны білгіңіз келсе, «balapan» телеарнасы қосулы болсын.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ