Қоқысты қайта өңдеу ісі өнімсіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоқысты қайта өңдеу ісі өнімсіз

12.03.2018

Қоқыс полигондарына жыл сайын 60 млрд. теңге көміледі. Бұл қомақты қаржы тұрмыстық қатты қалдықтардың қайта өңдеуге болатын көлеміне тең. Мұны мамандар мофологиялық құрамын зерттей келе көз жеткізіпті.

Яғни, «керексіз зат» деп қарамай кәдеге жаратуға асықсақ, экологиялық зиянын азайтумен қатар, экономикалық пайдасын да көруге болады. Осы бағыттағы жұмыстардың қарқыны қандай? Жүйелі жоспар бар ма?

Астанадағы кәсіпорынның жылдық қуаты – 250 тонна қоқыс сұрыптау. Мұнда күніне 700 тонна қалдық төгіледі. Бұл 100 жүк көлігіне пара-пар. Содан қайта өңделетіні тек 10 пайыз. Неге десеңіз, зауытқа шикізат қоймалжың күйінде жетеді. Себебі, тұрғындар қоқысты әлі бөлек тастауға дағдыланбаған. Расында, оған жағдай да жасалмаған.

Мұрат Бисалиев, өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

- Әйнекті, темірді, қатты қағазды, пластикалық бөтелкелерді сұрыптап алады. Ал, оны қайта өңдесе, пайданың көзі.

Рас, біз «тұрмыстық қалдық» деп қарағанды, дамыған елдер «байлық» деп санайды. Мысалы, қоқырсыған қоқыстан Сингапур күніне 2500 Мвт-сағат электр қуатын өндіреді. Швецияның электр станциясының жанармайы мен өндірістік шикізатының 99% содан тұрады. Францияның алюминий, әйнек пен қағазы қоқыстан. Австрия 265 мың тонна жылу энергиясын, ал, Бельгия 75% тыңайтқыш, шикізат, энергия алып отыр. Бізде керісінше, кәдеге жарату жағы кемшін. Елімізде жылда 6 миллиондай тұрмыстық қатты қалдық шығарылса, соның 9%-ы ғана қайта өңделеді. Өңірлердегі 130 кәсіпорынның бар қауқары осы.

Гүлшира Әтемова, ҚР Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаменті басқармасының басшысы:

- Қазақстандағы қалдықтарды жинап, оларды өңдеуге, олардан жаңа өнім шығаруға әрине жеткіліксіз. Бұл көрсеткіш өте аз. ҚР-ның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, біз 2030 жылы қалдықтарды өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуіміз қажет.

«Бұған кедергі жүйелі істен гөрі, сылдыр сөзге көңілдің көп бөлінетіндігі», - дейді эколог.

Мұсағали Дуамбеков, Халықаралық экология академиясының президенті:

- Полиэтилен пластиктің қалдығын майдалап, оны қапқа салып, қайтадан Қытайға жіберіп жатырмыз. Керемет конференциялар, форумдар өткіземіз. Соған кеткен қаржыға ықшам аудандарда түрлі-түсті жәшіктер қоюға болады. Осындай істер істесек, баяғыда нәтижеге жететін едік.

Елімізде бүгінге дейін түзілген әр түрлі қалдық 50 млрд. тоннаға жетіп қалды. Аз емес. Шет ел болса қайта өңдейді, өртейді, әйтеуір кәдеге жаратады. Ал, бізде қоқыс деп қарап, қомақты қаржыны полигондарға көміп жатырмыз.

 

Қуаныш ӘБУОВ

Хабарламаларға жазылу