«Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына сеп». Бұл - елдің әр жетістігіне сүйсініп отыратын Франциядағы қазақ диаспорасы өкілдерінің пікірі. Айтуларынша, Жолдауда халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартудан бастап, жұмыссыздықпен, сыбайлас жемқорлықпен күрес, көлік дәлізін дамыту, экономикалық өсім сынды ел игілігіне қажетті құндылықтардың барлығы қамтылған. «Жолдаудағы сандық технологияны дамыту арқылы үшінші жаңғыру кезеңіне көшу елдің аймақта және әлемде экономикасы мықты мемлекетке айналуына жол ашады. Ал, латын қарпіне көшу шеттегі қазақтарды атажұртқа бір қадам жақындатады», - дейді Париждегі қандастарымыз.
Тәбәрік Долу, Франция қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- «Цифрлық Қазақстан» деген бағдарлама жайлы естіп, қуанып жатырмыз. Қазақстандағы үлкен қалалардан, шалғайдағы ауылдарға дейін әр салада соны пайдалану керек. Бізді қатты қуантқаны, латын қарпіне көшу болды. Себебі, шетелдегі қазақтардың, ұрпақтардың өз тарихын оқып-білуі жеңіл болар еді.
Мұстафа Салықұлы, Франция қазақтары қауымдастығының төрағасы:
- Білім арқылы алыстар жақындайды. Бүгін атажұртта болып жатқан жаңалықтарды, реформаларды телеарналардан көріп, біліп отырмыз. Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясатын, реформаларын толық қолдаймыз. Бұған Қазақстанның күші де, байлығы да жетеді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ