Амстердамнан Қазақстан арқылы Қытайға алғашқы жүк пойызы жолға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амстердамнан Қазақстан арқылы Қытайға алғашқы жүк пойызы жолға шықты

09.03.2018

Амстердамнан Қазақстан арқылы Қытайға. Дәл осындай маршрутпен Нидерланд астанасынан аспан асты еліне алғашқы жүк пойызы жолға шықты. Сапар Қытай Президентінің «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға бағытталған тың жобаны сәтті орындауда Қытай тарапы Қазақстанға үлкен сенім артады. Себебі, алыс-беріс, барыс-келістің бәрі ұлы дала елі арқылы өтеді.

Медициналық препараттар, оптикалық құралдар, минералды тыңайтқыштар мен техникалық құрал-жабдық тиелген 50 контейнер Қытайға жөнелтілуге дайын тұр. Амстердамнан аспан асты елінің Иву қаласына жүк пойызы 11 мың шақырымды бағындырып жетуі тиіс. Оның 3 мың шақырымы Қазақстан арқылы өтеді. Қазақ елі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мыңдаған шақырым темір жол мен автомагистральдар салып, Тынық мұхитымен Еуропаның арасын жақындатты.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Нидерландтағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- 21 ғасырда Ұлы Жібек жолы жаңғырып, түйе керуендерінің орнын мықты локомотивтер ауыстырып, Қытай мен Еуропа арасындағы сауданы жаңғыртпақ. Екіжақты сауда қарым-қатынасының жақсаруы-Қазақстан үшін өте тиімді. Себебі, біздің ел өзінің транзиттік-көлік әлеуетінің арқасында біраз пайда табады. Яғни, Қазақстан Үкіметінің теміржол, логистиканы дамытуға деп салған қомақты инвестициясы ақталып, Қытай мен Еуропа арасындағы сауда айналымының өсуінің нәтижесінде бізге кіріс түседі.

Жаңғыртылған Жібек жолы жаһанның 4,5 млрд. астам халқына табыс әкеледі. Әсіресе, жобаның Орталық Азия өңірі үшін пайдасы көл-көсір. Осы ретте, көпшілік аймақтың көшбасшысы Қазақстанға үлкен сенім артып отыр.

Тонни Штрауб, «Nunner Logistics» компаниясының ТМД елдері бойынша жобалар директоры:

- Жібек жолы бойындағы ең ұзын жол-Қазақстанның трассасы. Осыдан-ақ, елдің қаншалықты маңызды екенін топшылай беріңіз. Қазақстан әлемдік мұхиттарға шыға алмайды. Сондықтан, Президент Н.Назарбаевтың «Қорғас» құрғақ бекетін салып, Ақтөбедегі көлік-логистикалық орталығын кеңейту туралы шешімі өте ұтымды болды. Яғни, Қазақстанның болашағы-елдің транзиттік-көлік әлеуетінде.

Қазақстан-бүгінде ірі нарықтарды түйістіретін алтын көпір. Елдің транзиттік-көлік әлеуеті, таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері Еуропа кәсіпкерлерін қызықтырып отыр. Амстердамнан шыққан жүк пойызы діттеген жерге 16 күнде жетеді. Қайтарда, пойызға қазақтың бидайын тиеп әкелуді көздеп отыр кәсіпкерлер. Жалпы, осы Амстердам-Иву бағытына енді апта сайын 3 жүк пойызы жөнелтіліп отырады. Бұл –шетелге жылына 3 млн.тонна астық тасымалдайтын қазақ еліне экспортты дамытуға сеп. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

Хабарламаларға жазылу