Астанадағы «Керуен» сауда үйінің маңында көлік өртенді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы «Керуен» сауда үйінің маңында көлік өртенді

09.03.2018

Оқиға шамамен кешкі сағат 5-ке таман болған. Автотұрақта иесіз тұрған «Volkswagen»  маркалы машина кенеттен отқа оранған. Қалалық Төтенше жағдай департаментінің мамандары биыл мұндай оқиға былтырғымен салыстырғанда екі есеге көбейгенін айтады. Аяқ асты тұтанған көлік қағаз құрлы болмады. Санаулы минутта шарпыған жалыннан темір тұлпардың  түгі қалмай жанып кеткен. Бастысы адам шығыны жоқ. Қасындағы машиналарға да  зардабы тимеді. «Ал, себебі неден болғаны әлі белгісіз», - дейді мамандар.

Руслан Иманқұл, ҚР ІІМ ТЖК арнайы өкілі:

- Автомашинада адам болған жоқ. Өрттің себептері қазір анықталу үстінде. Автомобильді енді қалпына келтіру мүмкін емес.

Жыл өткен сайын мұндай оқиғалар жиілеген. Тек биылдың өзінде елорда төңірегінде 40-қа жуық автокөлік өртке ораныпты. Өзге өңірлердегі көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Мамандардың айтуынша, өрт кез келген жағдайдан болуы мүмкін. Көбінесе, электросымдардың тұйықталуынан қауіп бар. Көлік ішінде темекі шегіп, қауіпті құрылғылармен қозғалтқышты жылытқандар да жоқ емес. Одан қалды, жүргізушілер техникалық тексеруді уақытылы өтпейді,  яғни, ақауларды дер кезінде жөндетпейді.

Қуаныш Медреев, бақылаушы-шебер:

- Бізге келген көліктердің 10-15 пайызы техникалық талаптарға сай келмей жатады. Қандай да бір ақауды байқасақ жөндеуге 10 күн уақыт береміз. Тек түзеткен жағдайда ғана техникалық сынақтан өткенін айғақтаймыз. Көп жүргізушілер көліктегі  олқылықтарды ескермей жүре береді.

Төтенше жағдайда қолдану үшін әр көлікте 2 литрлік өрт сөндіргіш құрал, дәрі-дәрмек қапшығы және өзге де қажетті белгішелер болуы шарт.

Өкініштісі, қазір техникалық байқау орталықтары жекенің қолына өткен. Заңсыз жолмен құжат алу өте оңай. Талап бойынша, жаңа көліктердің 7 жылға дейін техникалық байқаудан өтпеуге құқы бар. Ал, ескі болса, жыл сайын тексерту міндет. Елімізде мұндай көліктердің саны 2 миллионнан асады.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу