Алматы облысында ғасыр жасаған қарттар бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ғасыр жасаған қарттар бар

07.03.2018

Ғасыр жасайтын қарттар тек Қап тауында ғана емес, Алматы облысында да бар. Мұқағали ақынның туған ауылы Қарасазда екі кейуана тұрып жатыр. Бірінің жасы 104-те болса, екіншісі 106-дан асқан. Басынан небір қилы заманды өткеріп, талай нәубетті көріп, қазір ұрпағын өрбітіп бейбіт елдің берекесін тілеп отырған жайы бар.

106 жастағы Сұлухан әжейдің әр күні әнмен басталып, іс тігумен жалғасады. Ғасырды өңгерген кейуана 8 құрсақ көтеріп, олардан 20 немере, 20 шөбере сүйіп отыр. Жастайынан мал бақты, отын жақты, пешке нан жапты. Әйел затының күші жететін еңбектің бәріне араласты. «Бәлкім сол еңбектің арқасында бүгінгідей тың отырмын»,- дейді кимешегі жарасқан кейуана.

Ауылдың тағы бір кейуанасы Бәти Нұржікеева бірер күнде 104-ке толады. Әжейдің айтуынша, үлкен ұлы Сыдықпен ақиық ақын Мұқағали және құрдасы Әбдіке үшеуі ажырамас дос болыпты. Бүгінде үшеуі де жоқ. Бірақ, олар туралы естелік әженің жадында жаттаулы.

Таудың таза ауасы, бұлақтың мөлдір суы, ауылдың табиғи дәмі және қажырлы еңбек қарасаздық қарттардың ұзақ өмір сүруінің сыры болса керек. Ауылда қазірдің өзінде 90-нан асқан онға тарта ата-әже бар. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу