Алматыда «Көктем-2018» оқу-жаттығу жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Көктем-2018» оқу-жаттығу жиыны өтті

07.03.2018

Алматыда биыл тау өзендерінің тасу қаупі былтырғымен салыстырғанда екі есеге азайған. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары айтты. Олар су тасу қаупінің алдын алу үшін «Көктем-2018» оқу-жаттығу жиынын өткізді. Құтқарушылар мен сарбаздар өзендердің арнасын кеңейтіп, мұз бен қар және қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді.

Құтқарушылар алдымен Медеу ауданын кесіп өтетін Тіксай өзенін тазартуға кірісті. Өйткені, бұл өзен жылда арнасынан асып, жағаға жақын орналасқан үйлерге қауіп туғызатын. Сондықтан, бүгін мұнда 31 техника мен 400-ден астам адам жұмыс істеді. Олар көпір астындағы су өткізгіштерді қар мен мұздан тазалап шықты.

Бүгінде қаланың жоғары бөлігіндегі өзен арналарының барлығы толық тазартылған. Соның нәтижесінде су басу қаупі былтырғыдан екі есеге азайыпты. Мәселен, жыл басында 67 аймақта осындай қауіп болса, қазір 30-ға жуығында өзен суы қалыпты деңгейде ағып жатыр.

Ерлан Әлібеков, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

-Былтырғы кезде 5 ауданда 30 арық салынды. Алматы қаласының әкімінің резервінен 1,4 млрд ақша бөлініп, 12,3 км шақырым жер арық Наурызбай және Алатау аудандарында салынды.

Мамандар биыл Алматының Қарғалы өзенінің бойы да толық жөндеуден өткендігін айтты. «Сондықтан, халықтың үрейленуіне негіз жоқ»,- дейді олар. Ал, алдағы уақытта тағы да 55 көшеде 42 шақырымдық арық жүйесі салынбақшы.

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу