Әзірге жаңа жүйе бәріне бірдей емес, тек пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Десе де, «тың жоба мемлекеттік қызмет саласына оң өзгерістер әкеледі», - дейді мамандар.
Ақмола облысында бүгінде 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олар қазір еңбек өтіліне және лауазымына байланысты жалақы алады. Ал, факторлы-балдық жүйе енгізілсе, мемлекеттік қызметшілердің айлығы олардың атқарған жұмыс көлеміне байланысты берілмек. Бұл жаңашылдықты сарапшылар қолдап отыр.
Әлібек Баймағамбетов, облыстық мәслихаттың депутаты:
- Қазіргі уақытта орталық органдар мен өңірлерде жұмыс істейтін мамандардың жалақысы арасындағы айырмашылық 10 пайыздан 70 процентке дейін жетіп қалады. Ал, өңірлерде жұмыс көлемі аз деп айта алмаймын. Сондықтан, дұрыс болар еді. Мәселен, Ақмола облысындағы мамандар мен Астанадағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы деңгейі бір-біріне жақындайды.
Жаңа жүйенің арқасында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өседі. Әрине, егер өзіне жүктелген жұмысты сауатты орындаса ғана. Сондықтан, бұл - ынталандырудың тиімді тетігі болмақ.
Валентина Геращенко, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Бұл жүйе өзінің оң нәтижесін береді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметшілерді жұмысын жақсы атқаруға ынталандырады. Олар өзін-өзі дамытуға, тапсырмаларды тиімді орындауға талпынары сөзсіз. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен жұмыс істейді. Сондықтан, мамандардың тиянақты, жауапты болғанын қалайды.
Факторлы-балдық жүйеде жыл соңында жұмыс нәтижесі бойынша қызметкерлерге бонустар беру де қарастырылған. Осылайша, бұл жаңашылдық мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға негіз болмақ.
Ермек ЕЛБЕРГЕН