Жергілікті басқару жүйесі жаңа жылдан бастап салықтың бірнеше түрінен жиналатын қаржыға өздері иелік етуде. Соның арқасында ауылдағы ағайын енді жоғарыға жалтақтамай елді мекеннің кем-кетік шаруасын өздері түгендей алатын мүмкіндікке ие болды. Жиналған қаржы қоғамдық кеңестің ұйғарымымен керек жерге жұмсалады. Сондай-ақ, жұмыс барысы мен оның сапасын ауыл халқы өздері қадағалайды.
Жер мен мүлік, көлік пен табыс салығы, кәсіпкерлік нысандарынан жиналатын алымдар. Салықтың осы түрлерін қоса есептегенде биыл Дербісек ауылы әкімдігінің дербес бюджетіне 25 миллион теңге қаржы жиналады. Ауыл әкімі жыл басында Қоғамдық Кеңес мүшелерімен ақылдаса отырып, қаржыны қандай бағытта жұмсайтындарын нақтылап алды.
Ералхан Есенбаев, Дербісек ауылының әкімі:
- Көше жарығына, абаттандыруға, тазалық жұмыстарына жұмсайтын боламыз. Әрі қарай тағы да салық жинай алсақ, оны көшелеріміздің жөндеу жұмыстарына, тазалық жұмыстарына жұмсайтын боламыз.
Дербісек ауылында 16 мың адам тіршілік етеді. Тұрғыны көп, аумағы күн санап ұлғайып келе жатқан елді мекеннің әлеуметтік мұқтаждықтары әлі де көп. Ауыл халқы енді бұл мәселелерді жылдам әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді деген сенімде.
Болат Түктібайұлы, тұрғын:
- Жоғарыдан қаржы күтпей, қаржы өз есепшотыңда болғаннан кейін Кеңес мүшелерімен кеңесіп, шешілген мәселе өзін ақтап, елдің әрі қарай дамуына өзінің септігін тигізеді деп ойлаймын.
Қазына қаржысын көбейту, оны үнемдеп жұмсау, ауыл әкімінің іскерлігіне тікелей байланысты болып тұр. Ол үшін салықтан бөлек, өзге де кіріс көзін табу керек. Ауылды түлетуге кәсіпкерлерді де жұмылдыра білу басшының қарым-қабілетіне байланысты.
Ералхан Есенбаев, Дербісек ауылының әкімі:
- Көлігіміздің, жеріміздің, үйлердің, коммерциялық нысандардың тіркелуіне, сараптама жасап жатырмыз.
Жалпы, өңірдегі ауыл-аймақтар 181 ауыл әкімдігіне біріккен. Бүгінгі таңда тек соның алтауының ғана дербес бюджеті жоқ. Өйткені, халық саны 2 мыңнан аз. Олар мұндай мүмкіндікке 2020 жылдан кейін ие болмақ.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ