Жер комиссиясының шешімі заң болып бекиді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер комиссиясының шешімі заң болып бекиді

01.03.2018

Жер реформасына қатысты құрылған комиссияның талап-тілектері заң болып бекиді. 2016 жылдың жазында құрылған комиссия жер мәселесіне қатысты 4 нақты мәселе көтерген. Оның ішінде ауыл шетіндегі мал жайылымы мәселесі мен қазақстандықтарға жерді жалға беру тетіктерін жетілдіру және «бір қолға» жер беруді шектеу  жайы да бар.  Жаңа заң  қазір Сенат қарауында. 

Бірер жыл бұрын жер реформасы кезінде Президент пәрменімен арнайы комиссиясы құрылғаны белгілі.  Оған билік пен саяси партия мүшелері, азаматтық қоғам мен  әрбір облыстан бір-бір өкіл қатысты. Барлығы 75 адам.  Олар бірнеше басқосу өткізіп, халықпен кездесіп, жерге қатысты төрт нақты мәселе көтерді. Оның ішінде жерді отандастарымызға жалға беру тетіктері мен ауыл аймақтағы мал жайылымдары және бір қолға көп жер беруді шектеу сияқты бастамалар бар.  Комиссия мүшелері мен  ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселелерді шешу үшін арнайы заң түзген. Ол бойынша мысалы, әкімдерге қосымша құзырет берілмек. Олар ауыл  іргесінде мал жайылатын жерлерді анықтап, керек болса оны мемлекет мұқтаждығы деп тартып алуы да мүмкін.

Гүлжахан Бимендина  ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:

- Әкімдерге осындай құзырет беріп отырмыз, өйткені, ауылдағы жерлердің өзінде елді мекендердің маңайындағы жерлердің жетпей жатқанына байланысты болды. Жалға беріліп қойған жерлерді қайтадан мемлекеттік мұқтаж қылып алып, халыққа керек жер деп қайтадан түгендеп алу қарастырылып отыр.

Ал, әкімдердің қазақстандықтарға жерді жалға беру туралы конкурсы әкімдік сайты мен сол өңірдегі газет-журналдарға міндетті түрде алдын ала жариялануы керек. Сондай-ақ, конкурстық комиссия құрамында қоғам өкілдері 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл да ұсынылған жаңа нормалар. Ал, қызу талқыға түскен жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесі аталған заңда қаралмаған. Бұл мәселе мораторий арқылы 2021 жылға дейін шегерілген.

Осылайша, жер комиссиясы көтерген мәселелер нақты заңмен реттелмек. Заң жобасы Мәжілісте екі оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды. Жерге қатысты өзге де сұрақтар кезең-кезеңімен осылай шешіліп отырады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

Хабарламаларға жазылу