Дүрбелең кезеңде бір үзім нанын бөліскен қазақ халқының қонақжайлығын Афинадағы байырғы қазақстандық гректер де ұмытар емес.
Жерлестеріміз елге, туған жерге деген сағыныштарын білдіріп, барша қазақстандықтарға алғыстарын жаудырып жатыр. Қара теңіздің солтүстік-шығыс жағалауында өмір сүрген гректердің басым бөлігі солақай саясаттың кесірінен біздің елге 30-жылдары жер аударылған. Қазір Қазақстанда сол көшпен келген буынның ұрпақтары, яғни 10 мың грек тату-тәтті тұрып жатыр. 60 мыңы 90-жылдары тарихи Отанына оралды. Жергілікті жұрт «қазақтар»деп атап кеткен байырғы жерлестеріміз бүгінде Афинада «Астана» дүкенін, қазақ мейрамханасын ашып, Қазақстанды көпшілікке танытуға күш салуда. Жерлестеріміздің тағы бір тобы Грекия мен Қазақстан медицинасының, экономикасының дамуына атсалысып жүр. Барлығы бірдей, «аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді»,-деп қазақ халқының рухани қаһармандығына бас иеді.
Лазарь Сопилиди, Афина қаласының тұрғыны, дәрігер:
- Қазақ халқы бізді кезінде құшақ жайып қарсы алды. Әжем айтып отыратын, «қазақтар бізді алдымен өз үйінде тұрғызып, бар дәмді-тәттісін берді. Кейін жер бөліп, үй тұрғызуға көмектесті» деп. Мұндай жақсылықты біз ешқашан ұмытпаймыз. Әлі күнге солай, кез-келген қазақтың үйіне барсаң, дастарханын жайып, барын саған береді. Мен Қазақстанда туғанымды мақтан етемін. Қазақ халқын, елін қатты жақсы көремін. Елімізде бейбітшілік, тыныштық болсын.
Михаил Константинидис, Афина қаласының тұрғыны:
- Мен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында дүниеге келдім. 1990 жылы 27 жасымда Грекияға қоныс аудардық. Бірақ, Қазақстанды сағынып, 1995 жылы Шелекке барып, 10 ай қайтқым келмей жатып алдым. Қазақстан-менің Отаным. Жыл сайын барып тұруға тырысамыз. Барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, алғыс білдіргім келеді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ