Өзге этнос өкілдері Алғыс айту күнінің мағынасы терең, мәні бөлек деп есептейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзге этнос өкілдері Алғыс айту күнінің мағынасы терең, мәні бөлек деп есептейді

01.03.2018

Шуақты наурыз айымен ілесіп келген ізгіліктің мерекесі-Алғыс айту күні еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақ жерінде тұрып жатқан өзге этнос өкілдері «біз үшін бұл мерекенің мағынасы терең, мәні бөлек»,- дейді. Павлодарлық тілшіміз Болат Аманбаев облыс орталығындағы «Достық» үйіне барып, ассамблея өкілдерімен тілдесті.

Мариям Алботқызы немересінің өнерін ертең үлкен сахнада тамашаламақ. Солтүстік Кавказдан көшіп келген Байрамқұловтар отбасының елімізде ұрпақ өрбітіп, тамыр жайғанына 70 жылдан асты. 11 балалы отбасы қазақ жеріне табан тірегенде Мариям апай құндақтағы бала еді.

Мариям Байрамқұлова, «Эльбрус» қарашай-черкес және қабардин-балқар ұлттық- мәдени орталығының жетекшісі:

- Маған Қазақстан жақсы білім берді. Балаларым осы жерде тұрады. Біз Қазақстанды жақсы көреміз. Қазақ халқына мың алғыс айтамын.

Қиын-қыстау кездерде бір-біріне қол ұшын беру, қиналғанға көмектесу қазақтың қанына біткен қасиет. Елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері мұны жақсы біледі. «Шешем Беларусь елінен келді, әкем де сол жақтан. Еврейлер үшін аса қиын уақытта қазақтардың бізге қандай жақсылық жасағанын ұмытпаңдар деп ұрпағыма айтып отырамын», - дейді Тамара Проскурякова.

Тамара Проскурякова, еврейлердің «Мерказ» этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:

- Біздің әулеттен шешем, әжем және ағам үшеуі 1942 жылы Павлодарға ауып келіпті. Бірден Қашыр деген ауылға жіберілген екен. Ат шанамен барып, қазақтың үйіне түстік. Екі бөлмелі жер үйде қыстап шықтық. Содан соғыс біткенше қазақ пен еврей отбасы қатар тұрдық. Бір үзім нанды бөліп жейтінбіз. «Қазақтар бар жақсысын қонағына ұсынатын халық, оларға шексіз ризамыз»,-деп өтті ата-анам өмірден. Мен де алғысымды айтамын.

Қазір өңірде 70-тен астам өзге этнос өкілдері тұрады. Соның ішінде  еврейлер 800, қабардин, балқар, қарашай, черкес 10 мыңнан асады, 4 мыңдай әзірбайжан  ұлтының өкілдері бар. Тілі басқа болғанмен тілегі бір этностар қазақтың берекелі шаңырағының астында тату-тәтті тірлік кешуде.  

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу