Семейде еліміздегі алғашқы триаж оқу аймағы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде еліміздегі алғашқы триаж оқу аймағы ашылды

01.03.2018

Семейде науқастар мен зардап шегушілерді медициналық көмектің қажеттігіне қарай сұрыптайтын еліміздегі алғашқы триаж оқу аймағы ашылды. Мұндай қабылдау бөлімшелері әлемнің озық елдеріндегі емдеу мекемелерінде бар. «Триаж» сөзі француз тілінен аударғанда «сұрыптау» деген мағынаны білдіреді. Заманауи жедел жәрдем бөлімшесінің үлгісі медицина университетіне қарасты оқу-клиникалық орталығында орналасқан.

Мөлдір Тілеубаева, оқу-клиникалық орталығының оқытушысы:

- Осыған дейін дәрігерлердің 3 легі келді. Оларға халықаралық стандарт бойынша қазіргі кезде қабылдау бөлімі қандай болуы керек, соны оқытып жатырмыз.

Триаж бөлімшесінде барлық көмек түрлері бір залда орналасуы қажет. Бұл уақытты үнемдеп, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Елімізде алғаш ашылған оқу негізіндегі бөлімшеге қазір Маңғыстау мен Қарағанды өңірлерінің дәрігерлері келіп жатыр.

Сағат Битимов, дәрігер-хирург:

- Маңғыстау облыстық ауруханасына наурыз айынын бастап, осы жүйені енгізсек деп жатырмыз.  Халыққа тез, тиімді әрі сапалы көмек көрсететін - бірден-бір жоба.

Еліміздегі жаңа мамандық - қабылдау бөлімшесінің дәрігерлерін даярлау Семейдегі медицина университетіне жүктелген. Былтырдан бастап осы бағытта кешенді шаралар қолға алынды.  Солардың бірі - триаж оқу аймағын жасақтау болатын.

Ерсін Жүнісов, Мемлекеттік медицина университетінің ректоры:

- Биыл осы курстарға жаңа стандарттар кіргізіп жатырмыз. Профессорлық-оқытушылық құрам АҚШ-тан, Израильдан арнайы біліктіліктерін жетілдіріп келді. Шетелдік стандарттарды кіргізу үшін инструкторлар дайындадық.

Оқу-клиникалық орталығы басқа өңірлерден де дәрігерлер мен мамандарды қабылдауға дайын. Қанатқақты жоба озық елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, медициналық көмектің көкжиегін кеңейтпек. 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу