Мәулен Әшімбаев Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, партияның қалалық активімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Алматыдағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, партияның қалалық активімен кездесті

27.02.2018

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматыға барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, партияның қалалық активімен кездесті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдері, белсенді жастармен жүздесіп, пікір алмасты.

Бұл «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде былтыр ашылған стационарлық мекеме. Бүгінде мұнда 200-ден астам балаға логопед, дефектолог, психолог мамандар тегін қызмет көрсетеді. Орталықтың жұмысымен танысқан Мәулен Әшімбаев мекемеге қазіргі заманғы «Дэльфа» атты логопедті жаттығу құралын сыйға тартты.

Райхан Әшімова, қала тұрғыны

- Мұндай мекемелер көбірек болса екен деп тілеймін. Бұл жердегі қызметкерлер өте жақсы жұмыс істейді. Логопед, дефектолог, психолог дегендер біздің тәрбиешілеріміз өте мейірімді адамдар.

Алматыда қазір көлеңкелі экономиканың алдын алу үшін бұрынғы базарларды заманға сай сауда орындарына айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. Қазір 16 базар осындай жаңғырудан өтіп, 20 мыңнан астам кәсіпкер еңбек етіп, 25 мың адам жұмысқа орналасқан. Партия өкілдері осындай сауда орталықтарының біріне соғып, бизнесмендермен кездесті. Еркін форматта өткен жиында олар жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік субсидиялардың барынша қолжетімді болуын әрі кәсіптік тексерулерді азайту мәселелерін көтерді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл мәселені шешудің енді түбегейлі жолдарын іздеу керек. Мысалы, тек қана сол субсидияның арқасында емес, жалпы экономикада кәсіпкерлер үшін несие алған кезде сол пайыздардың төмендігін қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан, осы мәселені бүгін кәсіпкерлер көтеріп жатыр. Оның жолдарын «Нұр Отан» партиясында экономистерді, сарапшыларды, мамандарды шақырып талқылайтын боламыз.

Сондай-ақ, партия Төрағасының бірінші орынбасары құрылымның Алматы филиалында жаңадан ашылған осы заманғы «Саяси-сараптамалық кеңсенің» жұмысымен танысты.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу