Шығыс Қазақстан аумағында 413 шетел азаматы заңсыз жүр. Күнкөріс қамымен келген олар Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінің азаматтары. Келімсектер «Мигрант» жедел алдын алу шарасы кезінде анықталды. Жылына екі рет өткізілетін мұндай шара әзірге нәтиже берер емес. Керісінше, шекара асып, еліміздің тәртібін елемей жұмыс істейтіндер саны артқан. Полицейлердің айтуынша, жаз уағында заңсыз мигранттар саны күрт өседі. Ал, арзанқол еңбек күшін Қазақстанға заңсыз алдырып, жұмысқа тартқан 95 қазақстандық 100 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл төлейтін болды.
Нұрлан Жеңісханов, ШҚО ІІД Заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке бөлімше командирі:
- 39 шетелдік Қазақстан Республикасынан тыс шығарылды. 234 шетелдіктің Қазақстан Республикасында болу мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасынан тысқары шығару туралы сот шешімін орындамаған 4 азаматқа қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта теріс қылық бойыншы іс сотқа жіберілді.
Айдана ДАЙЫРОВА