100-ге жуық қоңырауы бар атыраулық коллекционер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

100-ге жуық қоңырауы бар атыраулық коллекционер

26.02.2018

Әлемнің әр түкпірінен әкелінген 100-ге жуық қоңырау. Бұл - атыраулық коллекционердің жиған жеке топтамасы. Көптің таңданысын тудырған айрықша дүниелердің берісі Беларусь мемлекетінен, әрісі мұхит асып әкелінген. Ерекше хобби иесімен өңірдегі тілшіміз кездесіп, қоңыраулардың үніне құлақ асты.

Қоңыраудың сиқырлы сыңғыры Долорес Тасқарина үшін ғажайып құбылыс. «Қолыма алған сайын ерекше күйді бастан кешіремін», - дейді ол. Қоңырау жинауға деген құштарлық  қарапайым қыш құмырадан басталыпты.

Долорес Тасқарина, коллекционер:

- Атам осындай ұлттық және қыштан жасалған құмыраларды жинайды екен. Мұны 1970-жылдардың айналасында Алматыдан алдырған екен. Сол құмыраны өмірден өтерінің алдында маған тастап кетті.

Долорес Сүндетқызы Атырау қаласындағы кіші өнер академиясында қызмет етеді. Іссапармен  шетелге жол түскен сайын өзімен бірге қоңырау әкелуді дағдыға айналдырған.

Долорес Тасқарина, коллекционер:

- Ең бірінші алған қоңырауым осы. Бұл Беларусь мемлекетінен алынды. Ол кездегі мақсатым, мектепке қоңырау керек болады, сол үшін алғанмын. Сонымен бірге, фарфордан жасалған қоңырауларды да жинаймын. Фарфор болған соң дыбысы әлсіздеу келеді. Бірақ әдемі, әртүрлі мүсіндермен жасалады.

Қоңыраулардың саны 100-ге жуық, әрқайсының өзіне тән қайталанбас ерекшелігі бар.  Топтамадағы ең үлкен қоңыраудың салмағы 500 грамм болса, кішкентайы бармақ басындай ғана. Оны Голландиядан әкеліпті. Коллекционердің бұл қызығушылығын оның жолдасы да қолдайды. 

Саясат Бердешев, күйеуі:

- Жыл сайын, ай сайын қатарлары көбейіп жатыр. Соған байланысты орын дайындау бойынша ақылдасып жатырмыз. Бір қоңыраудан басталып еді, содан әрі қарай жалғасып жатыр.

Әр қоңыраудың дыбысы өзінше әдемі. Тыңдаған адамды еріксіз елітіп әкетеді. Коллекционердің ендігі мақсаты - қоңыраулардың санын көбейтіп, оларды көптің назарына ұсыну.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу