Болмысы бөлек Би апа. Журналист Бибігүл Мәтенова туралы естелік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болмысы бөлек Би апа. Журналист Бибігүл Мәтенова туралы естелік

26.02.2018

Осыдан жарты ғасыр бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған жастар Бибігүл Мәтенова деген есімді жақсы біледі. Жас болса да, үлкен-кіші оны «Би Апа» атады. Себебі, Сырдың сырбаз қызы ауылдан арман қуып Алматыға келген 16-17-дегі бозбала-бойжеткендерге шексіз қамқорлық көрсетіп, қолтықтан демеп, жаңа өмірге жол сілтеді. Бірақ, Бибігүлді ажал арамыздан ерте алып кетті. Егер тірі болғанда бүгін ол 70-ке толар еді.

Ол өзін емес, өзгені ойлады. Тек өзінің қатарластарына емес, университеттің өзге де студенттеріне әрдайым қамқорлық танытатын. Ерекше мейірімді, жүрегі кең, көңілі дария жанды жастар Би апа деп атады.

Мылтықбай Ерімбетов, ақын:

- Студент болған соң ашқұрсақ жүресің, бөлмеге кіргізіп, бізге тамақ беретін. Тұла бойы жақсылықтан жаратылған адам еді, әр сөзі айналайынға толы.

Бибігүл Мәтенова жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін Қазақ радиосының шетелге хабар тарататын редакциясында еңбек етті. Ұлттық рухы мықты журналист ол кезде рұқсат болмаса да, қазақ тілі мен ұлт дәстүрін, дін жайын астыртын қозғап, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты.

Кемелбек Шаматай, Бүкілодақтық телерадио саласының үздігі:

- Бұл - ғаламат редакция. Шетелдегі ағайындар көзіне жас алып, құлақтарын тосып тұрып тыңдайды екен. Түркиядан, Ираннан, Ауғанстаннан хат келіп тұрады.

Шетелдегі ағайын Бибігүлдің хабарын асыға күтетін, сол арқылы туған елге деген сағынышын жеткізіп, мауқын басатын. Қиырдағы қазақтардың оралу идеясын жүзеге асыруға мұрындық болды. Сұлу Сырда туып, ару Алматыда білім алып, еңбек еткен Би апа ұлттың мақтанышына айналды. Небәрі 41 жасында өмірден озса да, оның жарқын бейнесі соңынан ерген ізбасарларының мәңгі жадында.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу