Оңтүстік Қазақстан облысында зиратты өзен суы шайып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында зиратты өзен суы шайып жатыр

23.02.2018

Оңтүстік Қазақстан облысы Зертас ауылындағы зиратты  өзен суы шайып, қорымдарды шетінен су ағызып кетіп жатыр. Жарқабақтағы қабірлердің бірнешеуі жартылай опырылып құлағандықтан іші үңірейіп, жанында адам сүйектері шашылып қалған. Зертастықтар о дүниелік болған туысқандарының сүйегі осылайша қорланғанына налыса, іргедегі ауылдар өзегін жалғап отырған өзен суының ластанғанына алаңдаулы. 

Зертас ауылының шетіндегі молаға өткен ғасырдың басынан бері  адам қойылып келеді. Сайрам су өзені әдепкіде алшақтау жерден ағып өтетін. Алайда, ағыстың әсерінен жылдар өте келе жарқабақ құлай-құлай молаларға да келіп жетті.

Нұрлыбай Әбдікерімов, ауыл тұрғыны:

- Жар құлап жатыр. Мазардың қасынан су өткен. Мәйіттерді алып басқа жағына қойып жатыр.

Тоғыс каналынан бастау алатын Сайрам су өзені Зертастан ары қарай  Қаратас, Елтай секілді бірнеше ауылды аралай ағады. Ең сорақысы, мазардың топырағы араласқан бұл суды осы елді мекеннің мал-жаны ішіп отыр.

Бұл жайттан ауыл әкімдігі де хабардар. Бірақ, бұған тосқауыл қоятындай нақты бір шешімге келе алмай отыр. Көктем шықса жағалауға ағаш отырғызбақ. Өзеннің арнасын  өзгерту де көптің ойындағы нәрсе.

Ерлан Сапаров, Зертас ауылы әкімінің орынбасары:

- Аудандық ЖКХ бөліміне ұсыныс жасаймыз. Судың деңгейін өзгерту керек пе, әлде бетон құямыз ба?.Бұл жұмыстарды жоспарға салып жатырмыз.

Ауыл халқы өзен суынан тез арада сынама алынуы тиіс деп отыр. Әйтпесе, сол төңіректегі  экологиялық  және санитарлық жағдайдың ушығып кету қаупі жоғары. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу