«Нұр қаржы» серіктестігі басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр қаржы» серіктестігі басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды

22.02.2018

Семейде банктерден алған несиені өтеп береміз деп, елді сан соқтырған «Нұр қаржы» серіктестігі басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Көптің сеніміне кірген қаржылық ұйымға алданып, ақша салғандар аз болмай шықты. Несиесі өтелмей жер сипап қалған  жұрт құзырлы органдарға  шағым түсірген. Қазір ұйымның қызметі тоқтатылды.

Тұрғындар екінші деңгейлі банктерден несие алып, ақшаның жартысына жуығын қаржы ұйымына беріп отырған. Ал, серіктестік өз кезегінде несие бойынша төлемдерді өтейтін болып келіскен. Алайда, қаржылық-инвестициялық ұйымның үстінен аяқастынан тексеру басталып, есепшоттары  бұғатталған. Несиесі өтелмеген жұрт екі ортада опық жегендерін айтады.

Серіктестікке Семей қаласынан өзге, облыстағы бірнеше ауданның тұрғындары да қаржы салған. Олардың саны шамамен 12 мыңға жетеді. «Арызданған азаматтардың шағымдары ескерусіз қалмайды»,- дейді құқық қорғаушылар. Ал, қаржылық ұйымдарға қатысты тергеу жұмыстары бірнеше айға созылуы мүмкін. Құзырлы органдар  ұйымның  қызметін тергеп,  инвестициялық жобаларына аудиторлық тексеру жүргізбек.

Дулат Қазақпаев, Ішкі істер басқармасының басшысы:

- 14-ақпан күні қылмыстық істі қозғадық. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қаржылық-инвестициялық ұйымның басшысы қамауға алынған жоқ. «Ал, есепшоттағы бұғатталған қаржыға ешкім тисе алмайды», - деді қала прокуроры.

Марат Тұрыбаев, Семей қаласының прокуроры:

- Ол ақшаны шоттан алып, сіздерге таратып бере алмаймыз. Бұл заңға қайшы келеді. Біз өз тарапымыздан оған ешқандай ықпал ете алмаймыз.

Қалай болғанда да, екінші деңгейлі банктермен рәсімделген келісімшарт талаптары орындалуы қажет. Яғни, тұрғындар алған несиелерін қайтаруға міндетті. Қала басшылығы банкпен келісіп, несие өтеу күнін уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастырамыз деп уәде берді.

Дарын САҒИТОВ

 

Хабарламаларға жазылу