Атырау облысында желден қуат өндіретін алып кешен салынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында желден қуат өндіретін алып кешен салынуда

22.02.2018

Атырау облысы Исатай ауданында желден қуат өндіретін алып кешен салынып жатыр. Бүгінде 36 қондырғының жетеуі орнатылып, монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан бастан-аяқ жаңа технологиямен қамтамасыз етілген. Өндірістік қуаты 52 мегаватт болатын жел электр станциясының құрылысы қарқынды. Болашақта барлығы 36 қондырғы орнатылмақ. Мамандарға желдің екпіні күшті жерді таңдаудың өзі оңай болмаған. Нәтижесінде Исатай ауданы Манаш елді мекенінің іргесіндегі аумақ лайықты деп танылған. «Жел қаңғалағының» қалыпты жұмыс істеуі үшін секундына кемі 4 метрден 25 метрге дейін жел соғуы қажет. 

Олжас Ямаубаев, монтаждаушы:

- Бұл өте күрделі жоба. Егер ауа райы қиындық туғызбаса, жұмыстың бірінші кезеңін осы жылы аяқтаймыз. Бұл жерде жел секундына 8-12 метр жылдамдықпен соғады. Тек желдің бағытын зерттеу үшін 3 жыл уақытымыз кетті.

Қондырғының бір ерекшелігі, жел күшейген кезде автоматты түрде өшіп, қолайлы ауа райын күту режиміне ауысады. Бір бағананың биіктігі 100 метрге жуық. 4 бөліктен тұратын тіреуіш салмағы 148 тонна, ал, қозғалтқыш 58 тонна.

Жұмабай Қарағаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Құны 12 млрд. 300 млн. теңге. Жобаның аяқталу мерзімі 2020 жыл. Мұның тиімділігі, қоршаған ортаға зиянын келтірмейді.

Айвар Рахманов, Атырау жылу электр орталығының президенті:

- Қазір Атырау облысының тұрғындары пайдаланып отырған қуат күші орташа - 300-350 мВт. Сол әзірге жетіп тұр. Өзіміздікі бар, көршілерімізден алатынымыз бар. Артық болмайды, қоса берсін.

52 мегаваттық станция облыстық жылу электр орталығы өндіретін қуаттың 12 пайызы. Дәлірек айтқанда, шағын бір шаһарды электр энергиясымен қамтуға жететін қуат көзі.

Өткен жылдың қазан айында басталған құрылыстың алғашқы кезеңі жыл соңында аяқталады деп жоспарлануда. Кешен жұмыс істей бастаса, баламалы энергия көзінен келетін пайда өсімі артып, шығындар азаймақ. Сонымен қатар, облыста қазір жаңартылған энергия көзін өндіретін тағы 5 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Бұл кешендер іске қосылған кезде Атырау атырабы сыртқы энергия көздеріне тәуелділіктен арылады.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу