Даудың басы – «Халық маркасы» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Даудың басы – «Халық маркасы»

21.02.2018

Отандық тауар өндірушілер билік өкілдерінен көмек сұрайды. Біздің арнамызға ондаған кәсіпкерден шағым түсті. Олар «Халық маркасы» деген желеумен жемісті басталған істің аяғы шикі болғанын айтып отыр. Осы мәселеге қатысты отандық кәсіпкерлердің жан айқайын былтыр жыл соңында жаңалықтардан көрсеткен болатынбыз. Алайда, олар екі айда жағдайдың оңалмағанын айтып, арнамызға қайта хабарласты.

Альбина Әшім, тілші:

- «Халық маркасы» деп аталып, халық атын жамылған науқаннан былық шықты. Былтыр дәл осы кезде кәсіпкерлер қуанышты себеппен келіп, ғимаратты тауарларына толтырса, қазір бұл жер бос, қаңырап тұр.

Гүлшат Байбосынова бір жыл бұрын осы жерде «Медиа мир коллекшн» ЖШС-мен келісімге келген еді. Компания басшысы Римма Тәжібаеваның қолы да тұр. Алайда, үміт соңы үрейге ұласты. Кәсіпкер ақшасын қайтара алмай дал боп жүр.

Гүлшат Байбосынова, кәсіпкер:

- Мұндай заңсыздыққа неге жол беру керек? Біз ол кісінің ақшасын сұрап отырған жоқпыз ғой?! Оның үстіне, қазақстандық өнім, отандық өнімді паш етіп, ел үшін не істейміз деген шаруамыздың аяғы мынадай болса, енді мен білмеймін.

Достық көшесінде орналасқан сауда орнына осылай жер сипап қалған оннан астам кәсіпкер жиналды. Айтар уәжі бір: «Тәжібаева ақшамызды қайтарсын!» 

Жаңарған Қарабала, кәсіпкер:

- «ЭКСПО» басталғаннан бері тауарымызды қойдық. Тамыз айынан бастап ол кісінің қарыздары болды. Бүгінгі күнге дейін 800 мың болды. Ақтауда да ашылған болатын. Ол жаққа да тауарымызды жібердік. Ақшамызды ала алмайтынымызға көзіміз жеткеннен кейін сол жақтан 400 мың теңгенің тауарын алып кеттік.

Басы тәтті. «Халық маркасы» деп аталатын жоба жайлы Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялады. Өйткені, «Қазақстанда жасалған» тауарларды танытып, кәсіпкерлерді желеп-жебеуді мақсат еткен ауқымды науқанның болашағына сенді.

Римма Тәжібаева, «Халық маркасы» жобасының жетекшісі:

- Өзіміз қандай маркалардың бар екенін танимыз және ары қарай ол Қазақстанда танымал болғаннан кейін шетелге танымал болуына өзіміз жол ашып береміз.

Алайда, аяғы қатты. Қазақстанның бірнеше аймағында алданған кәсіпкерлер ақшаларын, кейбірі, тіпті, тауарларын қайтара алмай отыр. Бірнешеуі сотқа жүгініп, Римма Тәжібаеваны қарызды заң жүзінде қайтаруға міндеттеген. Міне, елден шығуға тыйым салынған шешім де бар. Бірақ, кәсіпкерлер Римманың Мәскеуде жүргенін айтады. Ресейлік нөміріне хабарласып көрдік.

Қазір кәсіпкерлер құзырлы органдардың жауабын күтіп жүр. Астана қалалық ІІД олардың арызын қарап жатқанын бізге ауызша жеткізді. Тауар өндірушілердің есебіне сенсек, Римма Тәжібаеваның қарызы ондаған миллион теңге көлемінде. Сауда орнын жалға бергендер де жер сипап қалған. Бірнеше ай үшін 11 млн. теңге жиналып қалғанын айтады. Павильон иесі есігін қайта құлыптап қойды. Кезінде қыз-қыз қайнаған сауда жайлы тек маңдайшадағы жазу ғана еске салып тұр.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу