Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өткен жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өткен жылды қорытындылады

21.02.2018

«Мешіт салу сәнге айналды». Бүгін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Нұрлан Ермекбаев осылай деді. Жалпы, елімізде 3601 мешіт бар екен. Соның ішінде 84 ғибадат орны қаңырап бос тұр. «Көбіне мешіт салған азаматтар имамның жалақысын төлеу және қосымша шығындарды ескермейді. Салдарынан кей жерлерде мешіт ғимараттары тіпті сатылымға қойылып жатыр», - деді министр. Жалпы, өткен жылы министрлік қомақты істермен есте қалды. Мәселен, дін саласының іс-әрекетін айқындаған заң жобасы әзірленді. Әрі, 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік дін саясатының тұжырымдамасы бекіді. Сондай-ақ, еліміздегі дін мамандарын дайындайтын «Нұр Мүбәрәк» университетінің Қазақстан қарамағына беру жөнінде келіссөздердің жүріп жатқаны белгілі болды.

Абзал Нүкенов, Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары:

- Бүгінгі жиында куә болғандай бірталай жұмыстар туралы ақпарат берілді. Өзімізбен бірге жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарды тыңдап, жалпы айтқанда оң бағасын алып, алдағы жылға бірқатар міндеттемелер алдық.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу