Қапшағай су қоймасында мұз жарылып, тағы бір машина суға батып кетті. Адамдар аман, көлік шығарылды. Десек те, осындай оқиға бір аптаның ішінде екінші рет қайталанды. Ал, жыл басынан бері 4 оқиға тіркелген.
Балықшылар үшін биыл Қапшағай қауіпті болып тұр. Апта бұрын ғана «Lexus» автокөлігінің суға батып жатқаны әлеуметтік желілерге шыққан еді. Ал, кеше тағы бір «Jeep» мұзға түсіп кетті. Жағадан 300 метр қашықтықта суға батқан көлікті құтқарушылар мен балықшылар жабылып жүріп әрең шығарған.
Сайлаубек Шарапиев, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:
- Азаматтардың мұздың қалыңдығына қарамастан, үстіне көлікпен шығып кетуінен туындап отыр. Өкінішке орай, балықшыларға біз ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Үгіт-насихат жүргіземіз.
Мамандардың сөзіне көлге келгенде көзіміз жетті. Мұздың үстінде көліктер қаптап жүр. Жағада тұрған машина көрмедік. Ал, қауіпсіздікке жауап беретін күзетшілер «қанша ескерту жасасақ та, ешкім елемейді»,-дейді.
Ануар Абдусаламұлы, күзетші:
- Мен күнде айтамын. Бірақ, ешкім тыңдамайды. Күніне 100-150 машинаға дейін мұздың үстіне шығып кетеді. Әрқайсысының салмағы кем дегенде 1000 келі.
Балықшылардың да өз айтары бар. Олар «мұздың қалыңдығы 25-30 сантиметр болса қауіпті емес»,-деп санайды. Тіпті, көбісі көліктердің суға батып жатқанын естімеген де.
Владимир Шульгин, балықшы:
- Мұз әлі қалың. Бізге 30-40 сантиметр қалыңдықта мұз үстіне көлікпен шығуға болады. Қапшағайды жақсы білеміз, сондықтан, қорықпаймыз.
Ал, құтқарушылар балықшыларды аса сақ болуға шақырады. Өйткені, мұздың қалыңдығы әр жерде әр түрлі болады екен.
Амангелді Сейітхан, тілші:
- Біз қазір көліктердің мұзға батып кеткен жерінде тұрмыз. Мынау өткен аптадағы «Lexus» автокөлігінің түсіп кеткен жері. Тіпті, сол кездегі адамдардың міне бас киімі мұз бетінде әлі жатыр. Ал, кешегі «Jeep» автокөлігі содан бар-жоғы 5-10 метр жерде ғана ойылып түсіп кеткен. Мамандардың айтуынша, дәл осы аймақта мұздың қалыңдығы қыстыгүні 5-10 сантиметр ғана болады екен. Өйткені, су астында бұлақ бар.
Мамандар енді ауданы 100 метрдей болатын осы маңайды уақытша ленталармен қоршап қоюды ойластыруда. Ал, ескертуді елемей жүрген балықшыларға бақылауды күшейтіп, алдағы уақытта рейдке шықпақ. Айтып келмейтін апаттардың алдын алу үшін тәртіпке бағынбаған жүргізушілерге айыппұл салуды да жоспарлап отыр.
Амангелді СЕЙІТХАН