Алматыда ақылы автотұраққа қатысты дау бітпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ақылы автотұраққа қатысты дау бітпей тұр

19.02.2018

Алматыда енді ақылы тұрақтарға арналған 12 мың теңгелік бір айлық абонементтер сатылымға шығарылады. Бірақ, жүргізушілердің көбі оны қымбатсынып отыр. Олардың айтуынша, ақылы тұрақтар қаланың барлық көшесінде жоқ. Сондықтан, 12 мыңға алған картаны барлық жерде қолдана алмайды. Сағатына 100 теңге төлеу де тиімсіз көрінеді. Өйткені, күніне 300-400 теңге жұмсаймыз дейді. Жүргізушілердің шағымы мен мамандардың жауабын тілшіміз Амангелді Сейітхан тыңдап келді.

Көшедегі ақылы тұрақтар Алматыда 2013 жылы пайда болды. Қазір қалада 132 паркомат жұмыс істеп тұр. 11 мыңға жуық ақылы тұрақ орны бар. Уақыт санап сары құрылғылардың саны артып жатқанымен жүргізушілер мұның әлі де тиімсіз тұсы көп, деп отыр.

Тұрақтың ақысы сағатына  100 теңге деп бекітілген. Сонда таңнан кешке дейін көлігін бір жерге қойғандар 700-800 теңге төлейді. Ал, енді бір айлық шығынды есептей беріңіз. Сондықтан, биылдан бастап айлық абонементтер сатылымға шықпақ. Бірақ, бағасы 12 000 теңгелік абонемент те көлік жүргізушілерінің қалтасын қағатын түрі бар.

Дархан Сағымбаев, қала тұрғыны:

-Бағасын азайтса дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Ал, жауапты компания мамандары алдағы уақытта көптеген жеңілдік жасаймыз, деді. Мәселен, олар жұмысы ақылы тұрақ жанында тұратын жандарға айына 6 мың теңге, үйі тұрақтың қасында орналасқан жандарға 1000 теңгелік келісімшарттарды ұсынбақшы.

Осы уақытқа дейін паркоматтарға 500 теңге салсаңыз, 100 теңгесін ұстап, қалған 400-ін қайтармайтын. Мамандар осы олқылықты жоямыз,-деп уәде берді. Алдағы уақытта барлығы сағат емес минутпен есептеліп, қалған ақша төлеген жүргізушіге беріледі.  Бірақ, оны қолма-қол емес, ұялы телефондағы мобильді қосымшаларға аударады.

Амангелді СЕЙІТХАН  

Хабарламаларға жазылу