Мамандық таңдау - маңызды қадам. Осы бағытта Астанадан келген мамандар маңғыстаулық оқушыларға экскурсия ұйымдастырды. Жасөспірімдер бірқатар мекемеге барып, олардың жұмысымен танысты. Әуелі Ақтау қаласын сумен қамтып отырған ірі кәсіпорынға барды. Ондағы музейді аралап, мекеме тарихына бойлады. Бұдан соң «Жамал-ай» фабрикасына атбасын бұрды. Кәсіпорын арнайы киім тігумен айналысады. Мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Бұлардан бөлек, оқушылар тағы бірнеше мекемеге бас сұқты. Еңбек ұжымдарымен жақынырақ танысу шарасы тек Ақтауда емес, «Өмірлік таңдау» республикалық жобасы шеңберінде еліміздің басқа да аймақтарында өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушылар жоба арқылы нарықта тапшы жұмысшы мамандығын дәріптеуді де көздеп отыр. Маңғыстауда 300 оқушы қатысқан шараның соңында балалардан тест алынып, әлеуметтік сауалнама жүргізіледі. Жыл аяғына дейін еліміз бойынша 4000 оқушыны қамту жоспарланған.
Айсара АЙТМАН